Шеттен келгенде – шекпеніне кіргізді
Қазақ халқында «Бірлігі берік елдің тірлігі түзу болады» деген даналық сөз бар. Біз бір қолдың саласындай, бір үйдің баласындай тату-тәтті өмір сүріп жатырған біртұтас елміз. Бұған әлем жұртшылығы қызығып та, қызғанып та қарайтыны жасырын емес. «Қазақстан-ортақ үйіміз» деп өзге ұлт өкілдері өбектеп сөйлейтіні сондықтан болар. Бірлік – кеседегі су секілді шайқай берсең бір тамшысы да қалмай шашылып төгіледі. Оны басынан өткерген елдер ғана біледі.
Өзгеге өзеуреп тұратын бауырмалдығымыз қанымызда бар қасиет. Осы ізгі ілтипаттығымыздан болар қоныс аударып келген барлық ұлттарды жатсынбай жанымызға тартып, жарты нанды бөліп бердік. Кеңес заманында аш жалаңаш жазықсыз жер аударылыған жұртта есеп жоқ еді. Атарбамен апталап тіптен айлап жол жүріп келген жанда қандай қажыр, қайрат болсын. Шаршап, шалдығып, ішерге ас, киерге киім таппай тарығып келгендерге танымаймын деп тіксінбей туыстық құшағын ашқан алғаш осы қазақ елі еді. Анығын айтып, ашығын жазар болсақ аналарымыз омырауынан ақ сүт беріп емізгендері де естен кетпес кезеңдер еді.
Уақыт өтті. Заман өзгерді. Ұрпақ ауысты. Есейіп ержетіп, еңбекпен жетілді. Бұл кешегі алмағайып заманда тұма тарихтың тақсіретін бастан өткерген жандардың жанжарасы болатын. Ол күнді құдай енді қайтіп көрсетпесін. Бұл бүгінгідей бейбіт өмірдегі барша бауырлас елдердің тұнық тілегі.
Қазақтың ырзығы – ықыласына берілген байлық
Бұл – ұлттық рухымызбен үндесіп, жанжүрегімен жақын тартып тұратын ұлыстарың қазақ еліне деген риясыз көңілінен шыққан сөз. Береке мен бірлікте, бейбітшілік пен ынтымақта өмір сүріп жатқандығының белгісі.
– ХІХ ғасырдың екінші жартысында қазақ даласына қоныс тепкен этнос өкілдері қазақстан мемлекетін тарихи отаны санайды. Барлық өзге ұлт өкілдері қазаққа қарыздар. Менің әкем «Жер ауып келгендерді әр елді мекенге бөлгенде мүлік, азық қоры мүлде болмаған. Осындай кезде өзі асқа жарымай отырып, шеттей бала-шағаның аузынан жырып, бір тапа нанды қылдай бөлді де келімсек кәрістің қолына ұстатты. Бұған дейін қазақ дегенді еміс естігеніміз болмаса, көз көрмеген ұлттық рухы мықты халық туралы бейхабар жандар мына жанашырлыққа жүрегі шыдамай, жанарларына жас алғанын көрдім. Жергілікті тұрғындар зорлықпен көшіп келгендерге қолынан келген көмегін аямады» деп айтып отыратын. Түрлі тағдырмен келгендер Қазақстаннан тұрақты мекен тапты. Қазақтар ешкімді жатсынбады, барлығын бауырына басты. Мен өзімді Қазақстанның байырғы тұрғынымын деп есептеймін. Бауырмал халқы, ел қорғаған батырлары мен дуалы ауыз билері бар қазақ елінде туып-өскенімді мақтан тұтамын. «Жақсылық ағаш басында, жамандық аяқ астында» деген халық даналығы бар. Ырыс пен ынтымақ қылыштай өткір, гүлдей нәзік болып келеді. Оның қадірін түсірмей түсіну керек. Сонда ғана бағындырар биігіміз бәсеңдемейді. Бірлік күні бақытымен келіп, Сыр елінің салтанат көші көлікті болсын, – дейді облыстық корей этномәдени бірлестігінің төрайымы, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы ғылыми сарапшылық топ жетекшісі Елена Ким бізбен әңгімесінде.
Тілші түйіні
Ауызбіршілік пен түсіністік үстемдік құрған жерде татулық тұрақтайды. Қазақстанда қалыптасқан халықтар достығы мемлекетіміздің басты жетістігі. Оны көздің қарашығындай сақтауымыз керек. Сыр өңірінде 30 этнос өкілі мен 11 этномәдени бірлестігі жемісті жұмыс жасауда. Оған негіз болатындай облысымызда ынтымағы жарасқан ұлт өкілдері дәлел. Бұл тәуелсіз қазақстанның ең қастерлі құндылығы, ажырамас асыл бөлігі. Ежелден қанымызға сіңген ізгілікті игі істеріміз жақсылыққа жол ащуға үндейді. Осы бағыттар бірлігімізді бекемдеп, елдігімізді асқақтат түсері анық.
Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ.