Қажымас қара нарым, қарияларым!
Мылтық ұстап, соғыс көрген санаулы сарбаздың алды жүз жасқа жуықтады. Сол сүйегі асыл саңлақтар Ұлы Жеңістің 75 жылдық жылнамасына да жетті. Биылға жоспарланған мәдени-көпшілік шараның бірі осы Жеңіс тойы болатын. Алайда карантин кезінде шектеу қойылды, дейтұрғанмен онлайн жүйе негізінде шынайы үлгісін көрсетудің түрлі амалы қарастырылуда.
Ия, Рахымжан Қошқарбаев тіккен Жеңіс туының желбірегеніне жетпіс бес жыл уақыт өтті. Осы уақытта Отанға деген сезімнің алауы бір сәт сөнген жоқ,майдангерлер қатары сиреген сайын ер борышы елене түсті, ешкім ескерусіз қалмады. Мемлекет тарапынан мүмкіндігінше қамқорлық көрсетіліп келеді. Газет бетінде де ерлердің ерлік істері тұрақты насихатталып, бір қарыс жер үшін жан алысып, жан беріскен жанқиярлық оқиғалар жұрт назарына ұсынылды. Майдан даласында қаза болып, елге есен оралмаған қаншама боздақтар тарихы архивке алынды, алдағы уақытта ескерткіш тақта беттерінде жазылатын болады. Ел үнемі еске алады, ешкім де ұмытылмақ емес.
Қазір қалада тірі сегіз соғыс ардагері қалды. Олар: Әбдіраман Әбішев, Әбдірахман Байтиков, Қожахмет Бектан, Төлеген Жүнісов, Любовь Колесник, Бөрібай Құлманов, Әбдірауық Сатыбалдиев, Мақсұт Сырғалиев.
Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығына орай аталған 8 Ұлы Отан соғысына қатысушы мен мүгедекке облыстық бюджеттен 500,0 мың теңге, жергілікті бюджеттен 111,0 мың теңге, барлығы 611,0 мың теңгеден төленді. Сондай-ақ осыған қосымша 4 мамырда өткізілетін қалалық мәслихаттың шешімімен облыстық бюджеттен 500,0 мың теңгеден бөлінеді, сонда барлығы 1 млн 111 мың теңге алатын болады.
Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін (бұрынғы КСРО ордендерімен және медальдарымен) марапатталған 16 тыл ардагеріне облыстық бюджеттен 100,0 мың теңге, жергілікті бюджеттен 83,3 мың теңге барлығы 183,3 мың теңге төленді.
Ұлы Отан соғысы жылдарында тылда алты ай еңбек еткен 1365 ардагерге облыстық бюджеттен 100,0 мың теңге төленді.
Сонымен қатар төтенше жағдайға байланысты «Біргеміз» қоғамдық қоры арқылы 8 ҰОС және 16 тыл ардагерлеріне 50,0 мың теңгеден біржолғы көмек көрсетілді.
Ал, ҰОС Жеңістің 75 жылдығына орай арнайы дайындалған мерекелік медаль да табысталатын болады.
Әрине, ардагерге құрмет мұнымен шектеліп қалмайды. Жыл аяғына дейін мерекелік шаралар өтеді, халықтың ықыласына бөленеді.
Қ.Әбдуов