Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Қаланың балаға қамқорлығы қалай?

Қаланың балаға қамқорлығы қалай?


Тіршілікте адам баласына сәби сүю, ұрпақ жалғастыру, артыңда із қалдыру – негізгі міндет. Шаңырағыңды шаттыққа бөлеп, қуанышқа толтыратын, өміріңнің сәні ол – құшағыңдағы сәбиің. Мұндайды халқымыз «балалы үй базар, баласыз үй – қу мазар» деп түйіндеген. Расында, бүкіл адамзат жаратылысы бауыр еті баласы үшін өмір сүреді, тіршілік қылады. Тіпті, мемлекет те баланың болашағы үшін – жарқын жобаларды жүзеге асырады емес пе? Ал, бізде балаға қамқорлық қалай?
Қаламызда жыл сайын жүзеге асырылатын әлеуметтік жобалардың ішінде баланың игілігі үшін бағытталатыны да бар. Жалпы, әлеуметтік жағдайды арттыру, инфрақұрылымды дамыту дегенімен, арғы жағында баланың болашағы тұр. Өткен жылдарға зер салсақ, алдымен «100 мектеп, 100 аурухана» мемлекеттік бағдарламасы бойынша салынған білім ошақтарын айтуға болады. Бұл – білімді ұрпақ тәрбиелеу жолындағы қадам. Ал, ауыл-аймақ, кент, қала бойынша бой көтерген балабақшалар бүгінде бүлдіршіндердің еш алаңсыз тәрбие алып, бой түзеуіне жұмыс істеуде. Бұл тұрғыда шаһар 100 процент балабақшамен қамтылғанын атап өткеніміз жөн. Бала – болашағымыз десек, олардың жайлы да алаңсыз өмір сүруі үшін қызмет ету керек-ақ. Оларға қамқорлық іс жүзінде де көрініс табуы тиіс. Мәселен, көпбалалы отбасыларды тұрғын үймен қамту үшін «Баламекен» жобасы аясында Б.Өтемұратовтың демеушілігімен 100 пәтерлі жаңа үйлер салынып, табысталғаны белгілі. 7 мыңға жуық оқушының қоғамдық көлікте тегін жүруіне, жақын елді мекендердегі 630 жуық баланың қалаға қатынап оқуына жағдай жасалған. Көпбалалы, тұрмысы төмен отбасы үшін салынған көпқабатты тұрғын үйлерді де айтуға болады. Алдағы уақытта мемлекеттік бағдарламамен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 60 бала, 140 көпбалалы, 105 мүгедек баласы бар отбасы баспанаға қол жеткізбек. Сондай-ақ, қалаға қарасты бірқатар мөлтек аудандарда мектеп, балабақша салынбақ. Мұның барлығы елдің болашақ тірегі – бүгінгі жас ұрпақ үшін жүзеге асуда.
Адам өмірінің ең керемет естелігі балалық шағымен байланысты. Бал-балалық шақтың қайғысыз, қамсыз ең бақытты сәттері өткен күннің еншісінде ұмытылмастай қалуы керек. Сондықтан алаңсыз ойын баласы үшін алдымен керегі – ойын алаңдары. Бойдағы күш-қуаты тасып, асыр салар кезеңінде қала баласының 4 қабырғада қамалып, үйде отырғаны обал-ақ. Осы орайда, қаладағы көпқабатты үйлердің ауласында балалар ойын алаңы салынған. Еңбектеген сәбиден, ержеткен балаға дейін қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған алаңдарын қазір кез келген ауладан көруге болады. Биыл мұндай алаңның тағы 30 шақтысы бой көтереді. Қазір қала да, дала да дамыған заман. Бұрынғыдай баланы тек базарға апарып, қыдыртумен шектелетін кездер келмеске кеткен. Үйіңнен екі қадам аттасаң балалар ойын-сауық орталығы, спорт алаңдары көзге көрінеді. Демалыс күндері отбасыңмен серуендеуге де қолайлы жерлер бар. Жұртшылық жиналатын орындардың басым бөлігінде бүлдіршіндерге арнап арнайы бөлме жабдықталған. Өзіңе де, балаңа да жақсы. Мұның бәрі балаға жасалған қамқорлық.
Халықаралық балаларды қорғау күні ең алғаш 1950 жылы Париж қаласында аталып өткен екен. Оның алдында балалардың денсаулығын сақтау, жағдайын жақсарту, қамқорлықты арттыру сынды мәселе төңірегінде әйелдер конгресі өтіпті-мыс. Сол жиында балалардың бақыты үшін бейбітшілікті қамтамасыз ету жайы айтылған, дейді дерек көздері. Міне, содан бері 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні ретінде тойланады.
Иә, біз үшін бұл күн – мереке. Өміріміздің мәні, қызығымыз бала болғандықтан оны атап өтуге, оларды қыдыртып, қалағанын орындауға тырысамыз. Десе де мұны тек думанды мереке емес, оларға қамқорлық жасау, қорғау күні екенін ұмытпағанымыз жөн. БҰҰ-ның дерегі бойынша әлемде әрбір оныншы бала тұрмыстық зорлық, зомбылықтың құрбанына айналады екен. Олардың дәрменсіздігін пайдаланып, жеке басының мүддесіне пайдаланушылар да жетерлік. Ал, сұрапыл соғыс даласында аш, жалаңаш жанын шүберекке түйіп, ертеңгі күні үшін Алладан жәрдем сұрап, бейбіт, тыныш заманды армандап жүрген бүлдіршіндер қаншама. Біз бүгінгі бейбітшілік заман үшін, тыныш өміріміз үшін – тәубе дейміз. Ұрпағымыздың бақыты үшін мәңгілік болса дейміз. Өйткені, баланың бәрі бақытты болу үшін жаралған.
Ал, біздің қалада бала үшін барынша қолдау жасау шарасы күн санап көбейіп келеді.
А.СЕЙІЛ
02 маусым 2020 ж. 534 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 432 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам