Талап пен талғам сапаға сүйенеді
Күн жылынысымен қалада құрылыс жұмыстары жандана бастайтынын білеміз. Жаңа нысандардың іргесі қаланып, жолдар жөндеу көріп, қайнаған тіршілік көрініс табады. Бұл үрдіс биыл да тоқтаған жоқ. Оны көз көріп жүр. Халықтың басты базынасы жол мәселесі ғой. Бір көше жөнделсе де іштей қуанасың. Бірақ, сол қуаныш ұзаққа бармай, көңілің су сепкендей басылса жаман. Ондай да атқарылған тірлік әдірем қалады емес пе? Кеше салғаның бүгін бұзылса, ешқашан жөндеу көрмегендей кейіпке енеді. Көзден кетсе, көңілден де кетедінің кері ғой. Сондықтан сапаға баса мән беру керек. Сапалы дүниенің базары да ұзақ, алғысы да зор болады.
Жыл басындағы қала әкімінің есепті кездесуінде қала, оған қарасты ауыл, кент, шет аймақтағы жөндеуді қажет ететін ең негізгі көшелерге басымдық берілетіні айтылған. Ал, жол құрылысының сапасы қатаң бақылауда болатынын шаһар басшысы үнемі айтып келеді. Бүгінде бұл бағытта жұмыстар қарқын алған. Мердігер мекемелер өздеріне тиесілі көшені жөндеуге кірісіп кеткен. Өткен аптада қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев сол жұмыстарды бақылап қайтты. Жай барып қайтқан жоқ, кем-кетігін анықтап, дұрыс-бұрысын бағамдады. Солай, бірқатар кемшіліктерді анықтады.
Тиісті сала мамандарының тексерісімен Қызылжарма ауылдық округіндегі Нысанбаев көшесі мен қаладағы М.Исаев көшесіндегі жаяу жүргінші жолы құрылысының талапқа сай еместігі анықталды. Қала басшысы сол жерде мердігер мекеме басшыларына жөндеу жұмыстарын ретке келтіруді міндеттеді. Сонымен бірге, жол сапасын қадағалау, алдағы кезеңде мұндай олқылықтарға жол бермеу үшін халықтық бақылау тобын құруды тапсырды. Бүгінгі күні құзырлы мекеме мамандары мен қоғам белсенділерінен топ құрылған.
Назардағы нысандар
Қала басшысының тапсырмасынан соң аталған олқылықтар ретке келуі тиіс. Ал, оның орындалуы қалай?
Журналисттік зерттеумен Қызылжарма ауылына ат басын бұрдық. Салынған жолды көзбен көрмек мақсатта Нысанбаев көшесімен жүріп келеміз. Бір қарағанда теп-тегіс асфальт жол жаяу жүргіншіге де, көлікке де қолайлы. Дегенмен, кемшілігі бары айтылды. Бұған қатысты Қызылжарма ауылдық округі әкімдігінің жауапты мамандары сараптама нәтижесін күтіп отырғандығын жеткізді. Жолдың бастапқы аумағы жұқа жайылғаны анықталған. Ал қалған бөліктері зерттеліп жатқан көрінеді. Жолдың қайта жөнделуі жол сапасын анықтайтын сараптама орталығының шешіміне байланысты болмақ.
Екінші бағыт белгілі журналист Мырқы Исаев атындағы көше бойындағы жаяу жүргінші жолы. Бұл да шаһар басшысының сынына іліккен құрылыстың бірі. Мердігер «Мақсат ЛТД» мекемесіне жаяу жүргінші жолының сапасына көңілі толмайтындығын, сапаға мән беру керегін баса айтқан. Байқауымызша, талап ескерілген сияқты. Сапасыз өнімдер алынып тасталған. Құрылыс алаңында тек құм, шиыршық тас өнімі бар.
Мәселенің мән-жайын білу үшін қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөліміне хабарласқан едік. Мамандар мердігер мекеме тарапынан қажетті өнімге тапсырыс берілгенін, алдағы уақытта құрылыс қайта басталатынын жеткізді.
Сонымен сапасы сын көтермеген бұл нысандар халықтық бақылау тобынан бөлек, біздің де назарымыздан тыс қалмақ емес.
Кеңейсе көше...
Биыл қалада 200-ге жуық көше жөндеуден өтеді деп жоспарланған. Оның алды қазіргі таңда толық асфальтталған. Мәселен, біз барған Әйтеке би көшесінде құрылыс аяқталуға жақын, бітті деуге де болады. Жөндеу жұмысына жауапты «УАД» ЖШС мекемесі. Жол салуда 30 жылдық тәжірибесі бар мекеме бұған дейін де шаһардағы бірқатар маңызды көшелердің құрылысын жүргізген. Айтпақшы, М.Шоқай көшесінің Төле би мен Ә.Бөкейхан көшесі аралығындағы жол құрылысын да осы мекеме міндетіне алған.
Бір апта бұрын басталған жұмыс барысы қазір қарқынды. Күннің аптап ыстығына қарамастан қызу тірлік көрінісі бар. Жолдың жайын білмек үшін учаске басшысы Самат Қарымсақовты сөзге тарттық. Айтуынша, бұған дейін көлемі 6 метрді құраған жолдың аясы кеңейеді. Жаяу жүргінші жолы салынады. Соның бәрі 1 ай көлемінде бітуі тиіс. Оған 25 техника, 30 жұмыс күші жұмылдырылуда. Ал, өнім серіктестіктің өндіріс орындарынан алынады.
Бұл көше кеңейеді дегенге көлік жүргізушілері қуанып жүр. Себебі, осы кезге дейін бір жолақта ғана жүруіне мүмкіндігі болған олар қарсы бағытта да жүреміз деген үмітте. Алайда, бұл уақыт еншісіндегі дүние. Бұған қатысты мамандар құрылыс аяқталған соң тиісті сала өкілдерімен бірлесіп, нақты шешім қабылданатынын айтты.
Қолда бар деректерге сүйенсек, осы жылы жол құрылысы мен орташа жөндеу жүргізуге республика және жергілікті бюджеттен 1,4 млрд теңге қаралыпты. Бұған Қызылжарма каналына дейін магистральды жол құрылысының жалғасы, тұрғындар өтінішімен КБИ, Шанхай, Титов, Гагарин, Арай, Әл-Фараби мөлтек ауданындағы көшелер кіреді. Ал, осы кезде Арай мөлтек ауданы мен Алпамыс, Гагарин, Бұдабай ақын, Қашаубаев тұйығы, Абдоллаев, Тұран көшесіне асфальт төселген.
Енді «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасымен шаһардың 109 көшесі және Бірқазан, Бәйтерек елді мекенінің кіре-беріс жолдары жөнделеді. Оған республикадан 3 млн теңгеден астам қаржы бөлінген.
Айдана САЙДУЛЛАҚЫЗЫ,
Суретті түсірген Н.НҰРЖАУБАЙ