Бағдарлама игілігі: Жаңарған жол, жанданған жұмыс
Облыс орталығы мен оған қарасты ауылдар, шет аймақ тұрғындары биыл «Жұмыспен қамтудың Жол картасы – 2020» бағдарламасының игілігін көреді. Бүгінде аталған бағдарлама негізінде жүзеге асуы тиіс жобалардың құрылысы қолға алынған. Бірқатары, тіпті пайдалануға да берілді.
Жыл басында аталған бағдарлама аясында қаладағы 280 көшеге күрделі, орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 30 балалар ойын алаңы, 3 спорттық алаң салынатыны, жарық, жылу жүйелері қайта жаңғыртылып, мәдениет, спорт, білім ошақтары жөнделетіні айтылған. Күн жылысымен бұл тірлік қолға алынып, қаладағы құрылыс қыза бастаған. Әрқайсысының белгіленген уақыты бар. Жүктелген міндетті сол межеге дейін аяқтауы тиіс. Әсіресе, жұмыстың сапасына басымдық беру керек. Бұл шаһар басшысының басты талабы.
Апта басында осы бағытта атқарылған жұмыстарды ҚР Парламенті Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы мен қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев бақылап қайтты.
Ауылдағы ауқымды іс
Жұмыс барысы алдымен қалаға қарасты Қызылөзек ауылдық округінен басталды. Мұнда бағдарлама бойынша 3 жоба бар. Соның бірі – Қараөзек бекетінің 2,5 шақырым болатын орталық көшесіне орташа жөндеу жүргізу. Отыз жылдан аса уақыт жөндеу көрмеген көше қазіргі таңда асфальтталған, көшені жарықтандыру ісі де шешілген. Одан бөлек 1,5 шақырымды құрайтын Ж.Жабаев көшесіне қиыршық тас төселуде. Ауыл тұрғынының базынасына айналған жол мәселесі биыл осылайша оң шешім тауып отыр. Шаһар басшысы Н.Машбекұлы да бұған басымдық берілгенін атап өтті.
– Қалаға қарасты 7 ауылдық округ пен 2 кент бар. Соның барлығының кіре беріс жолдары жөнделген. Негізгі басымдықты қоғамдық көлік қатынайтын жолдар мен мектеп, балабақшаға апаратын көшелерге беріп отырмыз, – деді қала әкімі.
Былтыр бұл ауылда жекеменшік-әріптестік негізде салынған дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілген. Сапар барысында медицина нысаны да назардан тыс қалмады. Сенатор ауыл тұрғындарымен тілдесіп, көкейтесті мәселеге құлақ түрді. Амбулаторияның ашылғанына қуанған жұрт, енді мамандардың қатары толықса дейді. Дәрігер тапшылығы қызылөзектіктер үшін бүгінгі күннің өзекті мәселесі болып тұр. Дегенмен сәтін салса бұл да оң шешімін табады. Қала әкімі мәселені тез арада шешуді сала басшыларына нықтап тапсырды.
Бұдан кейінгі бағыт Талсуат ауылында жалғасты. Мұнда да инфрақұрылымды дамыту қажет. Талсуаттықтарды да толғандырған басты мәселе – жолдың жайы. Бұл ретте биыл ауылда «Жұмыспен қамтудың Жол картасы – 2020» бағдарламасымен 4, «Өңірлерді дамыту» жобасымен 1 көше жөнделіп, демеушілер көмегімен 3 көшеге асфальт төселеді. Солай ондағы 8 көше жаңаратын болады.
Тозығы жеткендер түлеп жатыр
Бағдарлама аясында көптен жөндеу көрмеген бірқатар нысан қайта жаңғыратын болды. Олардың қатарында білім ошақтары, мәдениет, спорт ғимараттары бар. Сенатор М.Бақтиярұлы сондай негізгі нысанның бірі – «Локомотив» стадионының және И.Әбдікәрімов атындағы аграрлы-техникалық жоғарғы колледж ғимаратының құрылыс жұмысымен де танысты.
«Локомотив» стадионы соңғы рет осыдан 13 жыл бұрын жөндеу көрген екен. Содан бері ескіріп, тозығы жеткен. Кей жерлері заманауи бағытта жаңғыртуды талап етеді. Сондықтан биыл стадионды күрделі жөндеуден өткізіп, спортшылардың соңғы үлгідегі ғимаратта жаттығуына жағдай жасалмақ. Мұндағы құрылысқа тараздық «АгроспецСтрой» мекемесі жауапты екен. Бұған дейін де қаладағы спорт нысандарын салған мердігер мекеме бұл істе де сапа жағынан «арық сөйлеп, семіз шығады» деген сенім бар.
Ал, аталған оқу орнының бағдарлама бойынша шатыры, терезесі мен жылу құбырлары ауыстырылады. Сонымен қатар сыртқы беті әрленіп, ауласына брусчатка төселеді.
Тасбөгеттегі тірлік
Қалаға қарасты кенттің соңғы жылдары ажары айшықтала бастаған. Ұзақ жыл жөндеу көрмеген көшелер ретке келіп, тұрғындардың жаңа келген әкімге деген ризашылығы артқан. Жаңа нысандар ашылып, ел игілігіне жарады. Бүгінде кент тұрғындары қажеттіліктерін қала орталығына бармай-ақ осы жерден таба алады.
Бүгінде Тасбөгеттегі көшелердің 70 проценті асфальтталыпты. «Жұмыспен қамтудың Жол картасы – 2020» бағдарламасымен қазіргі күні 3,9 шақырым болатын Т.Батыршаев, Сырдария, Ж.Бәкішов көшелеріне тас төселіп, қалған жұмыстары істелуде. Сондай-ақ осы бағдарлама бойынша кент орталығында салынып жатқан стритбол спорт алаңы да аяқталуға жақын. Алаң соңғы үлгідегі спорттық құралдармен қамтылған. Тұрғындардың, әсіресе кент жастарының кез келген уақытта спортпен шұғылдануына бұл алаң таптырмас орын болғалы тұр.
Жұмыспен қамтылғандар
Қаланың инфрақұрылымының дамуына сеп болған аталмыш бағдарламаның әлеуметтік жағынан да пайдасы зор. Қазіргідей вирус бүйірден қысып, карантинде жұмысынан айырылып, екі қолға бір күрек іздеп сабылғандарды жұмыспен қамтудың тиімді әдісі. Жоспар бойынша «Жұмыспен қамтудың Жол картасы – 2020» бағдарламасымен бөлінген қаражатқа 98 жоба жүзеге асады. Соның аясында 4 мыңнан аса жұмыс орнын ашу көзделсе, бүгінге дейін жұмыспен қамтылғандар саны 80 процентті құрап отыр.
Атқарылып жатқан ауқымды тірлікті барлап, бағамдап қайтқан ҚР Парламенті Сенатының депутаты М.Бақтиярұлы өз кезегінде жұмыс сапасына көңіл толатындығын жеткізді.
– «Жұмыспен қамтудың Жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында инфрақұрылымды дамыту, әлеуметтік нысандарды жаңарту, елді мекендерді абаттандыру сынды жұмыстарға республикалық бюджеттен 1 трлн теңге қаржы қаралды. Соның 36 млрд теңгесі Сыр өңіріне, басым бөлігі қалаға бөлінген. Осы қаржының мақсатты жұмсалып жатқандығын көзбен көру мақсатында бірқатар құрылыс нысанын араладым. Қала әкімі биыл қала, ауыл және шет аймақтағы 280 көшеге күрделі, орташа жөндеу жұмыстары жүргізілетінін айтты. Жалпы, байқағанымдай, қаржының мақсатты жұмсалуы, жұмыстың сапалы жасалуы Сыр өңірінде лайықты көрініс тапқан, –деді ол.
Айдана САЙДУЛЛАҚЫЗЫ