Жаяудың арманы орындалған күн
Қала аумағында жол жөндеу жұмысы қарқын алуда. Қолға алған жобаның басым бөлігі тротуар орналастыруға тиесілі. Бүгінде жалпы көлемі
102 шақырымды құрайтын 68 көшеге жаяу жүргінші жолы салынуда. Бұл аз көрсеткіш емес. Оған қоса, сапалы тротуар жол сапасы мен қауіпсіздігінің артуына үлкен септігін тигізбек. Тұрғындардың көптен бері көкейде жүрген
мәселесі де осы еді.
Жыл басынан бергі құрылыс жоспарына қызылордалықтар үлкен үмітпен қарады. Әрбір тұрғын жаңарған үй, жаңғырған даңғыл, кеңейген жолдан шаһар көлеміндегі жүйелі тірліктің жайына қанықты. Алайда үлкен қуаныш пен ықылас тудырғаны жаяу жүргінші жолы болды. Себебі қаладағы жол апаты мен қайғылы оқиғаның басым бөлігі жолсыз жүрген жүргіншінің қатысуымен орын алатын. Оған қоса тар көше мен жылдамдықты ретсіз асыратын көлік жүргізушілерінен жол бойында жүру қауіпке айналғаны тағы бар.
– Қаладағы орталық көше болмаса, шет аймақта тротуар мәселесі өте өзекті болғаны жасырын емес. Автокөліктермен қатарласып, жол жағалап жүруге мәжбүр едік. Көктем мен күз айларында маусымдық батпақ пен шалшық су кедергі болса, кешкілік уақытта жарықтандырылмаған көшеде жүру қолайсыздық тудыратын. Сол себепті тротуар салу идеясы ең оңтайлы шешім деп санаймын – дейді қала тұрғыны Күлзипа Жұманқызы.
Тұрғындар үшін жаяу жүргінші жолының қауіпсіздікпен қатар, тазалық үшін де пайдасы мол болмақ. Жаңбырлы маусымда жаяу үйге жәрдемдесе, балалар арбасымен жүретін аналарға артық күш жұмсамауға жол ашты. Тақтайдай тегіс жол талай мәселені шешуде. Бақылау барысында қала әкімдігі мердігер мекемеден тротуар аралығын мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен балалар арбасымен жүретін аналарға қолайлы етуді тапсырды.
– Өзім көпбалалы анамын. Балалар арбасын тұрақты пайдаланғандықтан, жаяу жүргінші жолының салынғанына қуаныштымын. Мәселен, Тәуелсіздікке 20 жыл көшесінен орталық аялдамаға дейін 500 метр аралықты балалар арбасымен жолсыз жүру өте қиын. Үнемі жолға алаңдап, көліктерге кедергі келтірмеуге тырысу, киім мен арбаның бүлінуі күнделікті машақат еді. Енді, міне, таза жолмен қатынауға мүмкіндік туып, көшенің сәні кірді. Алдағы уақытта қаладағы барлық көшелерге тротуар жүргізсе екен. Қала әкімдігіне алғысымыз шексіз, – дейді Шапағат Мұстафаева.
Жаяу жүргінші жолының салынуы көлік иелеріне де жол қауіпсіздігін сақтауға септігін тигізуде. Жүргізушілердің айтуынша, тротуар салынуы оқыс оқиға санын кемітіп, жүргіншілердің автокөлік жолына жақындамай, арақашықты сақтауына әкеледі. Сонымен қатар, түнгі мезгілдегі көлік қатынасына да айтарлықтай көмегі мол екен.
– Қызылорда қаласында жол сапасы жыл санап артып келеді. Көлік көп қатынайтын жолдар тұрақты жөндеуден өтіп, бақылау күшейген. Бұл жүргізуші үшін ең маңызды артықшылық екені белгілі. Биыл да көшелерге күрделі жөндеу жасалып, тротуар салынуда. Ел игілігі үшін жасалған жұмыстарға алғыстан басқа айтарымыз жоқ, – дейді қала тұрғыны Есберген Айтмұратов.
Шаһар көркіне әр беретін жол жайы – кім-кімді болмасын бейжай қалдырмасы анық. Әрбір ауқымды құрылыс пен жоспарлы жөндеу қаланың ұлғаюы мен тұрғындардың жайлы өмір сүруіне жол ашпақ.
Е.БАЛТАБЕКҰЛЫ
Суретті түсірген
Нұрболат НҰРЖАУБАЙ