Тарих қойнауына бойлаған күн

Ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап қастерлеу ұрпақ межесіне міндеттелген маңызды мұра. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Жалпақ жұртыңды, исі алашыңды құрметтеу – алдымен өзің тұрған өлкенің тарихын, табиғатын танудан адамдарын ардақтаудан басталады» демеп пе еді. Расымен де, өткенімізді өнеге тұтып, бүгінімізді бағдар етсек, біз алмайтын асу жоқ.
Қазақ қазақ болғалы небір қиын қыстау кезеңдерді бастан өткерді. Мағжанша жазар болсақ «Мың өліп, мың тірілген» табанды елміз. Еңселі Еуропа елдері таңсық көріп, таңырқап жатқан жағдайларды біз баяғыда игердік. Ата-бабаларымыз алтын сауыт киіп жүріп, артына мәңгілік мұра тастап кетті емес пе.
Сол дана бабалардың тұтынған заттары күні бүгінге дейін маңыздылығын жоймай, құнды жәдігерлер қатарынан орын алып келеді. Демек бұл тарихымыздың тұнығын танытады.
Қалалық мұражай қорынан орын алған қастерлі дүниелердің бірі – ортағасырлық мыс теңгелер. Жанкент қалашығынан табылған таза мыс теңгелердің жанында шағын құмыра да сақталыпты. Ғалымдардың айтуынша, теңгені сол құмыраға салып сақтауы мүмкін деген болжам бар. Археологиялық қазба жұмыстары негізінде алынған қазыналардың басым бөлігі ХIV ғасырда қолданыста болған болуы ықтимал. Сонымен қатар қолдан жасалған шыны моншақтар да әлі күнге дейін өзінің маңызын жоймай, сәндік сипатын сақтаған. Сол замандағы мешіт сызбасы да көрген жанның көңілін толтырады.
2001-2002 жылдары жүргізілген қазба жұмыстары аясында Арал теңізі астынан табылған Кердері қалашығы. Мұражайда сол қалашық орнынан табылған қыш қаптамалар да бүгінгі дейін жеткен жәдігерлер қатарында. Қожа Ахмет кесенесі сыртындағы қаптамаға ұқсайтын қазақы ою өрнекпен көмкерілген қаптама – Сыр өңірінен табылған құнды мұра.
«Хум» деп аталатын жәдігерді көріп пе едіңіз? Жалпы сыртқы көрінісі құмыраға ұқсайды. Мұражай маманының айтуынша, сол заманда саз балшықтан жасалған бұйым астық сақтауға арналған. Жоғары температурада жасалған жәдігер түпнұсқа күйінде осында орналасқан. Бүгінгі ұрпаққа жеткен бұйымдардың қатарында хан-сұлтандар мен ханым киімі үлгісі бар. Таза құнды матадан тігілген киім өткен ғасырда би сұлтандар мен бәйбішелерінде болған бөрік пен шапан, қамзол мен әйелдің бас киімі біздің бабалардың жағдайы әлеуетті болғанын байқатады.
Мұражай қорындағы күміспен жасалған ыдыс-аяқ ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында Жібек жолы арқылы сауда-саттық аясында біздің өңірге келген болуы мүмкін. Халқымыз қашаннан мал шаруашылығымен, егін салумен айналысқан. Шиелі жақтан табылған сол заманғы соқа да ата-бабаларымыздың қолының табы қалған дәріпті дүниесі. Құнды жәдігерлер қатарынан ойып орын алған «Қоқан зеңбірегінің» де өзінің тарихы бар. Ақмешіт бекінісі заманында жаугершілік тұсында осы зеңбірікті түйенің үстіне қойып атқан. Таза қара темірден соғылған бұйым бір қарағанда қарапайым дүние болып көрінуі мүмкін. Дегенмен оның да өзінің ішіне бүккен мың батпан сыры бар.
– Мұражай қоры жыл сайын жаңа жәдігерлермен толықтырылып тұрады. Елімізде жүргізілген археологиялық қазба жұмыстар негізінде қаншама дүниелер табылып жатады. Бұл – біздің бабалардың өз қолымен жасаған жәдігерлері. Ешқандай қоспасыз таза құрамнан біріктірілген біркелкі бұйымдар. Арада қанша ғасыр өтсе де сол қалпында сақталып келген. Біз солар арқылы өткенімізді танып, болашағымызыды бағамдаймыз. Мәңгілік мәйегі мәдени мұраларда мызғымас орын алып, мұражай қорында сақталып келеді, – дейді мұражайдың ғылыми қызметкері Гүлжанар Оразалиева.
Иә, еліңнің өткенін іздесең адастырмас екі темірқазық бар. Бірі – кітап, екіншісі – мұражай. Біз мұражайға барғанда көптеген дүниелерді көзбен көріп, көңілге тоқыдық. Ал оның келешек ұрпақ үшін қаншалықты құнды қасиет екені ертеңгі ел еншісінде.
Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ