Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Қамкөңіл жандар мекені

Қамкөңіл жандар мекені

Қазақ – үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсеткен халық. Ешқашан жетімін жылатып, жесірін қаңғытпаған ел. Қарттар үйі, жетімдер интернаты деген ұғым қазақ қоғамы үшін жат болатын. Өкініштісі сол бес күн жалған өмірдің жартысын отбасынан жырақта өткізіп жатқандар қатары басым. Мұндай жанды тітіркендірер, жүректі сыздатар жаман үрдіс бұрын біздің қазақта болмаған еді.
Қария – қара шаңырақтың киесі емес пе? Біз ата өсиетін тыңдап, әже әлдиімен өскен елдің ұрпақтарымыз. Қазір қарттар үйі деген пайда болды. Онда кімдер тұрады? Олардың қоғамнан тыс өмірлері қалай өтуде? Осы мақсатта журналистік зерттеу жүргізіп көрдік. Қойын дәптер мен қаламсабымызды қолымызға қысып межелі мекемеге бет алдық. Бізді барған сәтте қоршау алдынан Ақыл есімді күзетші қарсы алды. Оның айтуынша, осында жұмыс істегелі 19 жылдың жүзі болыпты. Тақырып төңірегінде әңгімеге тартқанымызда ол ашылып сөйлей қоймады.
Жә, сонымен бізді мекеме ішінен өзін Айдын­ деп таныстырған хатшы қыз шығып, бізді керекті дүниелермен хабардар етуді міндетіне алды. Сәлден соң осы орталық директорының әлеуметтік істер жөніндегі орынбасары Ержан Ақшалов хатшысына барлық мағлұматты беруін тапсырды.
Арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орта­лығы директорының орынбасары Ержан Кенжебайұлының айтуынша, бұл ғимарат сол кездің өлшемімен 2 қабаттық болып жұмысын бастаған. Кейіннен 1992 жылы жаңа үлгідегі 5 қабатты болып бой көтеріп, келушілер түгелімен осында орналастырылған. Мұнда басқа адамның тұрақты күтіміне және медициналық көмекке мұқтаж зейнеткерлер мен І – ІІ топ мүгедектері бар. Мекеме 280 орынға бағытталған. Оның ішінде стационарлық жағдайда тұруға 180 және жартылай стационарда тұруға 100 орын бел­гіленіпті. Бүгінде стационарлық жағдайда 137 қызмет алушыға  53 мүгедек және жасына байланысты 84 зейнеткерге арнаулы әлеуметтік қызмет түрлері көрсетілуде. Олардың 99-ы ер адам болса, 38-і әйел кісілер. Сонымен қатар бұл орталықта 6 тыл ардагері мен 4 от­басылық жұп бар. Қарияларымызға төрт мезгіл тамақ беріледі. Киім-кешегі өздерінің қалаулары бойынша­­ сатып алынады. Жуынатын орын бар. Сырқаттарды арнайы жедел жәрдем кө­лігімен қалалық емханалардан медициналық тексеруден өткізу де қарттар үйі дәрігерлерінің міндетіне кіреді. Сондай-ақ спортпен айналысуға, физикалық ем алуға да жағдай бар.
Мұнда жатқандарға осылайша барынша толық­қанды жағдай жасалады. Арнайы мерекелік күндер өз деңгейінде аталып өтіліп тұрады. Шығармашылық кеш өткізетіндері де кездеседі.
Жыл сайын көктем, күз айларында мекеме ауласына көркейту-көгалдандыру жұмыстары жүргізіледі. Жеке азаматтардың атсалысуымен көмек көрсетіліп тұрады.
Қазір карантин уақыты болған соң мұнда емін-еркін кіріп шығу қатаң қадағаланады. Кез келген адамға рұқсат етілмейді екен. Күз мезгілі болған соң күн суықтығына байланысты жылу ерте берілгенін білдік. Іштей қуанып қалдық. Өйткені жаны жаураған жандарға қосымша тәннің тоңғаны қажет емес. Аулада жүрген 2-3 қарияны көзіміз шалды. Әжім басқан жүзіне жасырылған бір құпия сыры бар секілді сезіледі.  Бұл екі аяқты жұмыр басты пендеге оңай соқпасы анық. Қартайған шақта тағдырдың ауыр сынағын көріп тағдырының тұзды суын тату қандай қиын десеңізші. Әр нәрсенің себебі бар деп тоқтам жасай алмаймыз, себебі сол безбүйрек балалары үшін қиындықтың қыл арқанын қиып, азапты ғұмырларын өткізбеп пе еді?! Жә, бұл бөлек әңгіме. Себеп белгілі ғой...
Осындайда байырғы бабаларымыздың «Бала бер, бала берсең сана бер, сана бермесең ала бер» деуінің астарында  үлкен  мән-мағына  жатқан сияқты. Бұл қатыгез қоғамның үргедек үрдісіне ілескен қазіргі ұрпақтан ба? Әлде, тәрбиенің салқынынан тамыр тартқан жатбауырлықтың әсері ме? Қарттарымыздың көзтүрткі болуы көрініс беріп қалуы да қоғамның дөңес тұсы болып отыр. Мұны отбасылық құндылықтардың бәсі түсе бастағанының дәлелі демеске де лаж жоқ.  Қараусыз қалған  қарттарды мемлекет қамқорлығына алу да осындай олқылықтың орнын толтырудың қамы екені сөзсіз. Қарапайым қазақы ұғыммен «қарттар үйі» деп аталатын  осы орталықтағы жұмыс жүйесі әрбірімізді бей жай қалдырмасы белгілі. Қаланың орталық бөлігінде бой көтерген мекеме айналасында жинақылықтың қолтаңбасы аңғарылды. Аулада­ артық-ауыс жатқан зат жоқ. Көшеттермен көмкерілген, әңгімелесіп отыратын орындар таза. Орын-орнымен қойылған кеңселік және жұмсақ жиһаздар талғамға сай.
Ұжымдағы ахуалдың өзінен қызметкерлердің қамкөңіл жандардың көңілі көтеріңкі, жүзі жарқын болуына жұмыла жұмыс істейтіні көрініп тұрды.
Жасыратыны жоқ мұнда ешкім де еріккеннен келмейтіні белгілі. Сондықтан оларға жылы көзқарас, ілтипатты қызмет көрсету басты міндет. Барлық қызметкерлер шама-шарқынша үлкендердің қас-қабағына қарайды. Солай талап етіледі де.
Біз де қилы тағдырлы қарттар мен мүгедектерді әңгімеге тартқанбыз. Олардың айтары қай-қайсысы да қызметкерлерге риза. Ал өз өмірлері жайлы бітеу жараның аузын тырнағысы келмейді. Бұл түсінікті де болар. Қартайғанда паналатып, ас-суын алдына тосып, денсаулығын қалтқысыз қадағалап отырған мемлекетке алғыстары шексіз.
Әрине, қарттар үйіндегі барлық жақсы жағдай жанары жәутеңдеген жандардың туысы мен бауырдың, балалардың орнын алмастыра алмайтыны өкінішті әрине. Сәл өткенге көз жіберсек құлаққа танадай тиетін «қарттар үйі» әу баста жасы ұлғайып, қараусыз қалған қарттар мен мүгедектерді әлеуметтік қорғау мақсатымен құрылған мекеме. Сол кезде ашылған бұл мекеме бүгінгі таңда қоғамда өз орнын қалыптастырып отыр.
«Үйіңде қартың болса, жазулы тұрған хатпен тең» деген емес пе? Үлкейгеннің өнегелі өсиеті танымдық нұсқасы бір нарға жүк боларлық. Шекпенінен шығып, шекесінен шерткеннің шаруасының ұзаққа бармайтынының белгісі. Түн ұйқысын төрт бөліп, түнімен бесік таянып ақ сүт беріп өсірген аяулы ананың, маңдай тер табан етін сыпырып жүріп еңбек еткен әкенің разылығын алмай ұзаққа бармайсың. Өйткені шариғаттың өзінде ата-ана разылығын алу кіші қажылықты өтегенмен бірдей демеп пе еді. Біздің мұнан асып айтарымыз жоқ.
Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ
13 қазан 2020 ж. 403 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 422 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам