Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Бүлдіруге неге құмармыз?

Бүлдіруге неге құмармыз?

Ел аңсайтын ізгі ортаны қалыптастыру үшін қоғамдық үрдістер тек гуманды қадамға бастау керек. Қарапайым тілмен айтсақ, кез келген адамның көшедегі жүріс-тұрысы, өз-өзін ұстау дағдысы, сыртқы ортамен байланысы ортақ мәдениет қалыптастыруға үлес қосады. Алайда кей жағдайда аталған мәдени компоненттер жастардың бойынан табыла бермеуде. Салдарынан инфрақұрылым мен мәдени ескерткіштердің игілігі ұзаққа бармайды. Себебі жеке мүлікке нұқсан келтіру, ескерткіштерді зақымдау, қоқысты оңды-солды шашу – «көше мәдениетінің» кешеуілдеп дамуының салдары.
Қаладағы мұндай келеңсіздікті шешу мәселесі көтерілгеніне көп болды. Құқық қорғау органдары тарапынан кінәлілерге әкімшілік айыппұл салып, түрлі рейдтік шаралар ұйымдастырғанымен, әлі де болса тыйылмай келеді. Мәселен, кезекті қалалық мәслихаттың сессия отырысында об­лыстық ветеринария басқармасының басшысы Ерсұлтан Әпетов бірнеше мемлекеттік нысанның бүлінгенін хабарлап, шағымданған еді. Басқарма басшысының айтуынша, ауылдық округтер мен кентте орналасқан ветеринариялық пункттердің қоршаулары ұрланған, қайта қалпына келтіруді қажет етеді.
Сондай-ақ көше бойындағы құдық қақпақ­тарының жоғалуы ең өзекті мәселеге айналып отыр. Ашық қалған құдыққа құлап, зақым алған, тіпті қайғылы оқиғаға душар болған жандар аз емес. Айыптыны іздегенде алдымен жауапты мекемеге дүрсе қоя бергенмен, таяқтың бір ұшы тұрғындардың өзіне тиеді. Себебі талапқа сәйкес орнатылған қақпақты ақшаға құнығып алған сол маңдағы ағайынның өзі болып шығатыны бар. Салмағы мен сапасына қарай «темір базардағы» қақпақтың құны 10 мың теңгеден жоғары – дейді білетіндер. Сондықтан болар, жолдағы кейбір құдық жабусыз жатады. Алайда келешегін ойламай, «өзі отырған діңгекті балталаған» азаматтар өзгенің өміріне де нұқсан келтіргенін ұғына бермейді.
Бұл жалғыз дерек емес. Шаһар тазалығына жауапты­ «Қызылорда тазалығы» мекемесі де жол бойындағы қоқыстың шашылуына, тазалықтың сақталмауына, ауладағы нысандардың бүлінуіне тұрғындардың тікелей қатысы бар деген пікірде. Әлеуметтік желідегі парақшада жөнсіз тасталған қоқысты көргенде амалсыз келісуге тура келеді. Себебі қоқысты белгіленген орынға тастамау, көше бойына азық-түлік қалдықтарын қалдыру, алаңдарды күтіп ұстамау келеңсіздіктерге әкелуде.
– Көршілермен тазалық жұмысын үнемі бақы­лаймыз. Балалар ойын алаңы, ауладағы орындықтар мен қоқыс жәшігін ұқыпты пайдалануға үндеп, балаларға да насихат жүргіземіз. Алайда түрлі адам бар, кейбірі балаларға арналған әткеншекке отырып зақымдайды, кейбірі ішімдік пен сусын қалдығын орындыққа қалдырып кетеді. Тәулік бойы бақылау мүмкін емес, – дейді қала тұрғыны Нағима Жолмырзақызы.
Ескерткіштердің жайы да мәз емес. Бұл жолы жастар ескерткіштің сыртқы тұрпатын ғана емес, маңызын да мансұқ етуде. Неге дейсіз ғой? Кейінгі буынның зиялы қауым өкілдеріне қойылған мүсіндерді келеке етіп суретке түсу, оны әлеуметтік желіге жариялау оқиғалары кездесуде. Бұл бассыздық ішкі мәдениеттің төмендігі мен ұлттық болмысты елемеу екені анық. Мұндайда «Біз де жас болғанбыз» деген арашасөз де жастарға жақ бола алмайды.

P.S. Сөз соңында мәдениеттің мемлекет дамуына­ әсері туралы сөз етейік. Әлемдік сая­­саттануда «екінші, үшінші санаттағы елдер» деген бейресми түсінік бар. «Бірінші деңгейге» ену үшін экономика, денсаулық сақтау, білім беру саласымен қатар ең маңызды бір көрсеткіш сараланады.­ Ол – қоғамдық мәдениеті, ұстанатын әдебі. Сондықтан есерліктің уақыты өткен заманда өз болмысың мен қоршаған ортаны таза ұстап, тектілік таныту – мемлекет дамуына­­­ қосқан ең орасан үлес.
Е.БАЛТАБЕКҰЛЫ
17 қазан 2020 ж. 260 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 422 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам