Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Жақсы мектеп қандай болады?

Жақсы мектеп қандай болады?

Біздің басылым әр нөмір сайын қаладағы білім ұяларының бүгінгі бет-бейнесін, мұғалім мәртебесі мен озат оқушылардың жарқын жетістіктерін жазып келеді. Басты мақсат – білім ордаларының шыққан биігін бағамдап, кемел келешек жолындағы көкжиегіне үн қосу.
Әлқисса, сонымен біз барған келесі білім ордасы Мұхамедғали Әленұлы атындағы №6 орта мектеп. Теміржол бекеті маңында орналасқан ордалы білім шаңырағының қалыптасу тарихы тереңде жатыр. Үш қабатты ғимараттан үлгілі шәкірттер шыққанын мұндағы мұғалімдер қауымы қуанышпен атайды.
Жә, сонымен бізді мектеп директоры Асылхан Сейілханов қабылдап, мектептің жаңалықтары мен жетістіктерін жіпке тізгендей айтып берді. Айтуынша, білім ұясына өткен жылдың тамыз айынан бастап басшылық етіп келеді. Мұнда 1060 оқушыға 103 мұғалім дәріс беріп келеді. Мұнда биылғы түлектер арасында үш «Алтын белгі», екі «Үздік аттестат» иегері бар. Ғасырға жуық тарихы бар мектептен талай-талай түлектер бітіріп шықты.

Ең үлгілі мектеп
Білім ордасы алғаш рет 1925 жылы Ташкент темір жолына қарасты И.Сталин атындағы №7 орта мектеп болып ашылды. Кейіннен Алматы темір жолы болып­ қайта құрылуына байланысты мектеп №409 Карл Маркс атындағы мектеп болып өзгертілді. 1977 жылы Батыс Қазақстан темір жолы құрылып №6 мектеп болып аталды.
Білім ордасы темір жол торабы бойынша 1925 жылдан 1977 жылдар аралығында ең таңдаулы үлгілі мектеп болды. Осы жылдар­ аралығында Т.Никулина, А.Агафонов, Л.Куликовский секілді іскер білімді адамдар мектепке жетекшілік жасады.  Сол жылдары өңіріміздің Батыс Қазақстан темір жолы бойындағы барлық елді мекеннің балалары осында оқыды.
1960-1990 жылдары Л.Куликовский бас­қарған кезде 30 жыл бойы үлгілі мектеп ретінде танылып келді. Бұл мектепті бітірген түлектер Кеңес Одағының ең таңдаулы деген жоғары оқу орындарына түсуге мүмкіндіктері мол болды. Сондықтан бұл мектепті бітірушілер сол уақытта Москва,­ Ленинград, Новосибирск, Томск, Рига, Алматы­­ қалаларындағы ең беделді жоғары оқу орындарына түсіп отырды. Мектепте СССР халық ағарту ісінің үздіктері Л.Куликовскй, Ю.Григоров, Қазақ ССР халыққа білім беру ісінің үздіктері А.Зисер, И.Хон, Л.Даняев, Т.Малькова, Г.Ли, В.Грицкова, В.Лучинкина ұстаздық етті.
Мектеп өз түлектерінің ішінен шық­қан Кеңес Одағының батыры атанған Г.Ковтунов, И.Андрианов, О.Лукомскийлердің есімдерін құрметпен атайды.
1996-2004 жылдары мектепті Л.Қожаниязова басқарады. Ол өзіне дейінгі жақсы дәстүрді жалғастыра отырып, оқу-тәрбие үлгісінде  жаңа технологияны ендіру жұмыстарын жүйелі жолға қоя білді. Сонымен қатар Алтын Ізбасова, Ерлан Боданов білім ұясына басшылық жасаған білімді тұлғалар. Ғимарат ауласында баскетбол, футбол, волейбол, әскери даярлық алаңдары бар. Арнайы­ медециналық құрал жабдықтармен қам­тылған дәрігер бөлмесі де тұрақты жұмыс жасайды. Мұнда оқушылар денсау­лығын жиі тексеріп, қызуын өлшеп тұрады. Сонымен қатар 80 орындық асханада оқушы­ларды ыстық тамақпен қамтамасыз ету жолға қойылған. Қазір карантин талаптарына сәйкес тоқтатылып отыр.
Карантиндік шектеу шараларына байланысты бастауыш сынып оқушылары негізгі пәндерді ғана оқуда. Мұнда бір сыныпқа бір мұғалім сабақ береді. Қалған оқушылар қашықтан оқыту технологиялары арқылы үйден оқытылуда. Бұл ең бастысы бала денсаулығының кепілі саналады. Дегенмен оқу үдерісі тиісті деңгейде жүргізіліп келеді. 

Үздік оқушы – мектеп мерейі
Келер ұрпаққа қоғам талабына сай тәрбие мен білім беруде мұғалімдердің инновациялық іс-әрекетінің ғылыми-педа­гогикалық негіздерін меңгеруі – маңызды мәселе. Ал ғылым мен тех­никаның жедел дамыған дәуірінде жан-жақты шығар­машыл жеке тұлғаны қалыптастыру мек­тептің басты міндеті саналады. Мектепте оқушылардың ақпараттық ғасырға бейімделуін қам­тамасыз ету жүйелі жолға қойылған. Бұл шәкірттердің кең жолақты интернет желісіне қосылған компьютерлермен керекті ақпараттарды еркін пайдалануға кең жол ашып отыр. Сондай-ақ 10 кабинетке интерактивті тақта орнатылған. Информатика,  мультимедиа кабинеттері локалдық жүйеге қосылған.
2019-2020 оқу жылында мектеп бітірген 39 түлектің 33-і ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысып, Александра Борисова, Дильназ Алматқызы, Бауыржан Жеткерген «Алтын белгі» иегері атанған. Аружан Әлайдар, Әмина Жаппасбаева, Дильназ Мырзамұратова, Жанна Диханбаева «Үздік аттестат» иегерлері. Мектептің жетістігі аз емес. ІІІ республикалық интеллектуалдық конкурсының қалалық кезеңінде  10 «А» сынып оқушысы Әсел Мырзабаева І орын иеленсе, осы байқауда 9 «Б» сынып оқушысы Тоғжан Жеткерген, Асылай Мәмбетова ІІІ орын иегері атанып, мектеп мерейін асырды. Жалпы білім беретін пәндер бойынша­ республикалық олимпиаданың ІІ қалалық кезеңінде Александра Борисова І орын, Дильназ Ташибай ІІ орын, Динара Сүлеймен ІІ орын, Айназ Оразбек ІІІ орын иеленіп, ұстаздар еңбегін ақтады.
«Зерде» ғылыми жобалық конкурсында Тоғжан Жеткерген, Диана Ермағанбет, Ақбота Болатқызы, Жанерке Қалдыбай, Сабина­ Сәдуақасова жүлдегерлер қата­рынан көрінді. 

Мұғалім мәртебесі
Осы жылдың ақпан айында «Маман­дығым – мақтанышым!» тақырыбын­да  «Үздік жас маман» сайысы өтті. Сайыстың басты мақсаты жас мамандардың білікті­лігін арттырып, педагогикалық шеберлігін шыңдау, өз кәсібіне деген сүйіспеншілігін ояту және оларды ынталандыру болып табылады. Сайысқа әр әдістемелік бірлестіктен бір жас маманнан қатыстырылды. Негізгі бөлігінде ұстаздар «Әлемдік дамудағы цифрлы Қазақстан», «Бұйымды дайындау», «Табиғаттың жандандыратын күші», «Пайдалы өсімдектер» тақырыптарында сабақтар өткізіп, өз тәжірибелерін ортаға салды. Нәтижесінде үздіктері марапатталып, жеңіс тұғырынан көрінді.
ХХІ ғасыр – білім ғасыры деп танысақ мұндай сайыстар жас мұғалімдерді іскер­лікке, мәдениеттілікке, өз кәсібіне жауап­кершілікпен қарауға баулиды. Сапалы білім беру – ел болашағы үшін аса жауапты­­­ үдеріс. Жаңа технологиямен сабақ беру, ең алдымен, оқушымен тығыз қарым-қатынаста болуды мақсат етеді. Егер ұстаз қарым-қатынас стратегиясын дұрыс жоспарлай алса онда сабақтың сапалы болуына зор септігі тиеді. Қазіргі таңда білім беру бағдарламасының негізгі мақсаты – білім мазмұнының жаңаруы. Бұл оқудың әдіс-тәсілдері мен әртүрлі құралдарын қолданудың тиімділігін арттыруды талап етеді. Мектеп ұстаздары да оқыту технологиясының мазмұнын жаңарту бағдарламасының тиімділігін қабылдауда. Белсенді оқу мен оқыту оқытушы мен оқушы арасындағы байланысты дамытады. Мектепте жыл сайынғы өткізілетін «Мектепке жол» акциясы биыл да дәстүрлі ізін жоғалтпай өз жалғасын тауып келеді.
– Мектебіміздің көп жылғы тарихы бар. Мұнда талай тарланбоздардың қолтаңбасы қалған. Мектептің негізгі бағыты оқушы­ларды сапалы да заман үдерісіне жауап бере алатын терең біліммен сусындатып, кемел келешегіне дұрыс жол сілтеу. Бүгінгі күннің өзінде саналы ғұмырларын білім жолына арнап келе жатқан майталман мұғалімдеріміз бар. Олардың ұлағатын бойларына сіңіріп, өмір өзектеріне айнал­дырған азаматтар еліміздің түкпір-түк­пірінде қызмет етуде. Бұл біздің мек­тебіміз үшін үлкен мәртебе. Көптеген оқушыларымыз білім бәсекесінде бағын сынап,­ нәтижесінде жеңіс тұғырынан көрініп келеді. Шәкірттеріміздің алды олимпиадаларда жүлде алып жүр. Мұның артында ұстаздың таудай еңбегі жататыны жасырын­ емес. Сондықтан білікті ұстаз бар жерде білімді шәкірттің болатыны заңдылық. Ендеше­­ №6 орта мектептің алар асу әлі алда деп есептеймін. Мектеп – кеме, білім – теңіз. Оқушыларыма келешекте өмірдің бір кірпіші болып қалануларына тілектеспін. Ал әр баланың өмір баспал­да­ғына негіз қалыптастыра білсек бұл мұғалім еңбегінің ақталғаны, – дейді мектеп директоры Асылхан­ Сейілханов.

Тілші түйіні
Міне, біз аялдаған Мұхамедғали Сужиков­ атындағы мектепте жасалған жұмыстар мен жеткен жетістіктер жетерлік екен. Оны көзбен көрдік, көңілге түйдік. Мектепте М.Әленұлы атындағы мұражай қоры жаңадан қайта жинақталып жатыр. Бұл көненің көзі өткеннің өнегесі болары хақ. 33 мың кітап қоры бар кітапхана оқушыларды қажетті кітаптармен қамтамасыз етуге мүмкіндік бар. Кітапханашы Айгерім Бисариева­ осында 2012 жылдан бас­тап жұмыс жасап келеді. Айтуынша, кітапханада балалардың көркем әдебиетке деген қы­зығушылығы жоғары.
Бізді мектеп директорының оқу тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Қайыркүл Пірназарова керекті мәліметтермен қам­тып, мектептің сабақ өту барысындағы карантин талаптарының сақталғанын көрсетіп, жан-жақты таныстырып өтті. 1-4 сыныптар аралығында барлығы 15 бас­тауыш топ білім алуда. Әр сыныпта 12 оқушыдан дәріс алуда.
Мектеп ауласынан Марат Алтайбаев­ есімді ақсақалды жолықтырдық. Өзінің айтуынша, осында Інжу есімді немересі оқиды. Соны алып қайтуға келіп тұрған көрінеді. Жасы жетпісті таяп қалған қария 5 баласынан 17 немересі барын айтты. Осы кенже немересі екен. «Мектепте білімді мұғалімдер сабақ береді. Осында балаларым да немерелерім де білім алды. Сондықтан жақсы білемін», – дейді ақсақал.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ,
Суретті түсірген:
 Н.НҰРЖАУБАЙ        
27 қазан 2020 ж. 815 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 422 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам