Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Қала бюджеті – бір қаланың тағдыры, қалалықтардың үміті

Қала бюджеті – бір қаланың тағдыры, қалалықтардың үміті


Қалада әрбір жүзеге асқан жобалардың артында үлкен еңбек жатыр. Көзге көрінбейтін үлкен іс. Жоба жүзеге асып, ел игілігін көремін дегенше, қаржысын есептеу, бюджетті жоспарлау, қала қаржысын тиімді жұмсау көрінбейтін кішкентай бөлімнің тиянақтық пен ұқыптылықтан тұратын еңбегі. Оларға мүлт кетуге болмайды. Себебі, қала бюджеті – бір қаланың тағдыры, қалалықтардың үміті.
Осы салада ұзақ жылдардан бері табан аудармай еңбек етіп келе жатқан қалалық экономика және бюджетті жоспарлау бөлімінің басшысы Гүлнәр Бұрханқызы қала бюджетінің әр тиынын бес саусағындай жатқа біледі десек, артық айтқандық емес. Төл теңгеміздің мерекесі қарсаңында Гүлнар Бұрханқызымен кездесіп, қала бюджеті, теңге жайын сұхбатқа арқау еттік.

– Гүлнәр Бұрханқызы, төл теңгеміздің туған күні құтты болсын. Күн сайын теңгені есептейтін сізге бұл күн қалай әсер етеді?
– Қазақ елі үшін атаулы мерекелермен қатар, мән-маңызы жағынан беделі жоғары тағы бір күн бар. Ол - ұлттық валютамыз теңгенің айналымға енген күні. 1993 жылдың қазан-қараша айларында Қазақстан рубль аймағынан толықтай шығып, 15 қараша күні теңге ресми айналымға енген болатын. Ел Президентінің Жарлығымен 1997 жылдан бері 15 қараша төл валютамыздың туған күні әрі қаржыгерлер күні болып белгіленді. Бұл күн мемлекеттігіміздің мәртебесі тағы бір дәлелденіп, абыройымыз асқақтап, өзгенің емес, өз ұлттық ақшамызды қолға ұстап, қуанғанбыз. Содан бері бұл күннің мерейі үстем, қазақ елі үшін айтулы күн. Отыз жылға жуық тәуелсіз ел тарихында мемлекет мәртебесіне, экономикасының нығаюы жолында теңгенің орны ерекше болды. 27 жылдық ғұмырында теңге тәуелсіз ел экономикасында орны ерек екенін дәлелдеп келеді. Теңгенің болашақтағы қызметіне де сеніміміз мол.
– Жалпы «экономика» сөзі грек тілінен аударғанда «үй шаруашылығын жүргізу өнері» деген мағынаны береді екен. Қалалықтардың ортақ үйі – Қызылорда қаласының бюджетін жоспарлау, әр теңгесін шашау шығармай есептеу үлкен өнер екені сөзсіз. Бюджетті жоспарлаудағы ұстанымыңыз қандай?
– Қоғам мен мемлекеттің дамуында бюджет қаржының жинақталу мен қайта бағытталу құрылымы болып табылады және азаматтардың еркіндігі мен заңды құқығының маңызды іске асыру кепілі. Бюджетті жоспарлау ҚР Бюджет Кодексіндегі бюджет жүйесі принциптері негізінде жүзеге асырылады. Бюджет жүйесіндегі принциптердің бірі – нәтижелік және тиімділік принциптері. Бұлар стратегиялық жоспарларда, аумақтық дамыту бағдарламаларында және мемлекеттік органдардың бюджеттік бағдарламаларында көзделген нәтижелердің көрсеткіштеріне қол жеткізуге бағдарланған бюджетті әзірлеу және атқару. Сонымен қатар түпкілікті нәтижеге қол жеткізу қажеттілігін негізге ала отырып, бюджетті әзірлеу және атқару.
Экономикалық саясатты, сондай-ақ Қызылорда қаласының бәсекеге қабілеттілігін сапалы жаңа деңгейге және тұрақты экономикалық дамуға жетуге ықпал ететін қала бюджетін қалыптастыру Елбасының бюджет қаражатын қатаң түрде үнемдеу және оларды тиімді пайдалану туралы берген тапсырмасына сәйкес іске асырылады.
– Экономист, қала тұрғыны ретінде қай салаға көбірек қаржы бөлінгенді қалайсыз?
– Қала бюджетін қалыптастыру барысында әлеуметтік салаға басымдық беріледі. Жыл сайын бекітілген бюджеттің шығындарында 76,2 проценті әлеуметтік салаға бағытталады.
Қала бюджетінің кірістері мен шығындары сәйкестендіріле отырып жоспарланады және әлеуметтік салаға басымдылық беріледі. Бюджет шығындарының құрамында 63,7 процент білім, 11,4 процент әлеуметтік қамсыздандыру, 1,1 процент мәдениет, спорт, ақпараттық кеңістік салаларына қаралған. Қала бюджетін қалыптастыру барысында осы салаларға байланысты мемлекеттік және жергілікті бағдарламалардың жүзеге асырылуы ескеріледі.
– Кейде «желге ұшқан қаржы болды-ау» деген сәттер болды ма?
– Бюджетті жоспарлауда мемлекеттік мекемелердің, оларға ведомстволық бағынысты мекемелердің міндеттері мен функцияларын қаржылық қамтамасыз етуге, сонымен қатар қалада мемлекеттік саясатты іске асыруға бағытталғандықтан қаржыландырылатын шығындар өз мақсатында жұмсалып нәтижесін беруде. Сондықтан бюджет қаражаты тиімді игерілуде.
– Бүгінде «Ашық бюджет» жобасы жүзеге асуда. Бұл жоба қалада қаншалықты жүзеге асты және тұрғындар белсенділігі қандай?
– 2019 жылдың тамыз айынан бастап Қызылорда қаласы бойынша «Ашық бюджеттердің интерактивті картасы» жобасы жүзеге асырылуда. Аталмыш жоба ақпаратқа қолжетімділікті оңтайландыру, азаматтардың мемлекеттік билікке деген сенімдерін арттыру және билік пен азаматтық қоғам арасындағы байланыстың тікелей арнасын құру мақсатында құрылған.
Картада нақты қаладағы әлеуметтік нысандарды салуға, жөндеуге және күтіп ұстауға бөлінген бюджеттік қаражат туралы толық ақпарат, жеткізушілер туралы ақпарат, бөлінген сомалар, құрылыс мерзімдері, кепілдік міндеттемелер және басқа да ақпараттар көрсетіледі. Республиканың кез-келген азаматы картаның көмегімен қаладағы әлеуметтік нысандарға, оның ішінде мектептер, балабақшалар, мәдениет үйлері, әлеуметтік қамсыздандыру мекемелері және тағы басқа мекемелерге қанша қаражат бөлінгенін біле алады. Сонымен қатар бюджеттік шығындарды бақылайды. Қызылорда қаласының 2020 жылға бекітілген бюджеті 68 млрд 937,4 млн теңгені құрады. Бүгінгі күні қосымша бөлінген қаржылар есебінен қала бюджетінің көлемі 95 млрд 569,2 млн теңгеге ұлғайып отыр. Оның ішінде қалаға қарасты кент және ауылдық округтердегі бюджет көлемі 3 млрд 846,8 млн теңге.
Бүгінгі күні «Ашық бюджеттердің интерактивті картасы» яғни «publicbudget.kz» сайтына қалаға қарасты кент және ауылдық округтерді қоспағанда 16 бюджеттік бағдарлама әкімшісінің, оған бағынысты ведомстволық коммуналдық мемлекеттік мекемелер мен коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорындар оның ішінде атап айтар болсақ, бюджеттік бағдарлама әкімшілерінен бөлек қалаға қалаға қарасты қала бюджетінен қаржыландыратын 1 спорт клубы, 54 мектеп, 4 әлеуметтік қамсыздандыру мекемесі, 1 жастар ресурстық орталығы, 20 балабақша, 4 балаларды психо-медикалық түзету кабинеттері, 3 қосымша білім беру мекемелері мен 1 кешкі мектеп жұмыс жасауда және осы аталған мекемелер ақпараттар мен бюджет шығыстары бойынша мәліметтерін сайтқа орналастырды. Сонымен қатар, бюджет шығыстарының ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында қалаға қарасты барлық бюджеттік бағдарлама әкімшілері өздерінің бюджеттік бағдарламалары бойынша мәліметтерін «Ашық бюджет» egov порталына, Қызылорда қаласы бюджетінің жалпылама кіріс шығыстары бойынша мәліметі Қызылорда қаласының «Азаматтық бюджеті» қала әкімінің ресми сайтына және «Ашық бюджет» порталына жарияланып отыр. Бұл жерден де бюджет шығыстары бойынша мәліметтер көруге болады.
Тағы бір айта кететін жайт, облыс бойынша тек Қызылорда қаласында пилоттық жоба ретінде 2020-2021 жылдарға арналған «Халықтың қатысу бюджеті жобасын» іске асыру жоспарлануда және жобаны 2021 жылы іске асыру мақсатында тұрғындардан ұсыныс қабылдау жүргізілуде. Бұл жоба туралы ақпаратты, қатысу ережелері мен ұсыну тәртібі туралы мәліметтерді Қызылорда қаласы әкімінің ресми сайтынан білуге болады. Дауыс беру бойынша іріктелген жобалар 2021 жылдың бюджет шығыстарының құрамына енгізіліп, іске асырылатын болады.
– Бюджетті жоспарлауда, қаржы бөлуде соңғы шешімді кім қабылдайды?
– Бюджетті жоспарлау бір адамның ғана шешімі емес. Өздеріңізге белгілі, қаланың бір жылға арналған бюджеті алдымен бюджеттік комиссияда қаралып, қалалық мәслихатта бекітіледі.
– Маман ретінде тұрғындарға қаржылық сауаттылық жайында не айтасыз? Ақша үнемдеу, үй бюджетін жоспарлауда нені ескеру керек?
– Меніңше, әр адамға қаржылық сауаттылық керек. Табыс таба білген адам оны сауатты жұмсай білу де қажет. Әйтпесе есепсіз жұмсалған қаржы соңы қарызға батырады. Отбасылық бюджетті жүргізу де үлкен өнер. Маман ретінде қарапайым кеңес: отбасының кіріс-шығысын жүргізіп отыру керек. Алдағы уақытта жұмсалатын қаржы, жоспарлар бәрі-бәрі анық жоспарланса және неден үнемдеуге болатыны сарапқа салынса отбасы бюджетінде жүйелілік қалыптасады. Отбасы бюджетін жоспарлау– бір шаңырақтың материалдық әл-ауқатының жақсаруының негізі деуге болады.
– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан
Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА
14 қараша 2020 ж. 625 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 421 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам