ДЕПУТАТТАР ҚАРЖЫ МӘСЕЛЕСІН ТАЛҚЫЛАДЫ
Осы аптада қалалық мәслихаттың кезектен тыс ХХ сессиясы өтті. Сессия отырысына қала әкімінің орынбасарлары, бөлім басшылары, ауыл-кент әкімдері қатысты.
Күн тәртібінде қаралған 2018-2020 жылдарға арналған кент және ауылдық округтердің бюджеттері туралы қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Гүлнәр Баймаханова баяндады.
Қала бюджеті шығыстарының басымдықтары «Қазақстан жолы-2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» және «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Қазақстан халқына Жолдауларында Елбасының берген тапсырмаларына сәйкес әлеуметтік-экономикалық даму болжамында айқындалды.
– Жалпы сипаттағы трансферттер көлемі туралы облыстық мәслихаттың шешімі жобасына орай 3 жылдық кезеңге арналған субвенциялар бұдан бұрын республикалық, облыстық бюджеттен қаржыландырылған нысаналы трансферттер шығындары жергілікті бюджеттер базасына енгізілгені көзделген, – деді бөлім басшысы.
Сонымен қатар, келер жылы әр елді мекендегі бағдарламалар бойынша атқарылатын жұмыстар назардан тыс қалмайды. Оның ішінде Ақжарма, Қарауылтөбе, Қосшыңырау ауылдарының материалдық-техникалық базасын жаңғыртуға, дене-шынықтыру және спорттық шараларға қаржы жоспарлануда.
Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ.