Ақжарма: Мал ұрлығы тоқтады ма?

– Сынды қалай қабылдайсыз?
– Егер айтылған сын шын болса, мемлекеттік қызметкерді шыңдайды деген ойдамын. Мақсатымыз – елді мекенде мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру, халықтың талап-тілегін ескеру. Сондықтан әрбір айтылған сын маңызды.
– Биылғы біткен іс?
– Биыл жоспарланған тірліктің басым бөлігі орындалды. Мәселен, Баймұрат батыр ауылындағы М.Шоқай көшесіне көше жарығы орнатылып, Талдыарал елді мекеніндегі Талдыарал көшесіне орташа жол жөндеу жұмысы жүргізілді. Орталық алаң абаттандырылып, спорттық тренажерлер салынды. Оған қоса, «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» бағдарламасы аясында 6 көше орташа жөнделіп, 30 ауыл тұрғыны осы жұмысқа тартылды. Сонымен бірге Қырман көшесіне демеушілер арқылы орташа жол жөндеу жүргізіліп, нәтижесінде Баймұрат батыр ауылы мен Талдыарал елді мекеніндегі бұрыннан қалыптасқан орталық көшелердің барлығы асфальтталды.
Тағы бір айта кетерлік жайт, Ақжарма ауылдық округіне қарасты Қалғандария елді мекені таратылып, Құбас елді мекені Талдыарал елді мекеніне қосылды. Қалғандария елді мекенінің тұрғындарын көшіру мақсатында округке қарасты Талдыарал ауылының аумағынан жеке тұрғын үй құрылысы үшін 216 азаматқа, оның ішінде Қалғандария елді мекенінің 33 тұрғынына жер учаскесін беру жоспарланған. Биыл жаңадан берілген жерге ауыз су құбырларын тарту, тас жол салу жұмысы аяқталды. Ал электр желісін жүргізу үшін қалалық құрылыс бөлімі арқылы жоба-сметалық құжат дайындалды.
– Биыл үлгере алмаған ісіңіз?
– 2020 жылы жекешелік-әріптестік аясында Баймұрат батыр ауылына дәрігерлік амбулатория салу жоспарланған. Арнайы жер телімі дайындалып, «ИнтерСтрой» ЖШС құрылыс жұмысын бастайды деп күтілген еді. Алайда облыс әкімінің бастамасымен, 2020 жылы мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында салынатын құрылыс нысандарын кейінге шегеруге байланысты дәрігерлік амбулаторияны салу келесі жылға қалды.
– Жыл басындағы есепті кездесуде ауыл тұрғындары мал ұрлығының азаймай тұрғанын ашына айтып, қадағалауды сұраған. Қазіргі нәтиже қалай? Ауылдағы ұрлық тоқтады ма?
– Округтің учаскелік полиция инспекторы аталған қылмыстың алдын алу бойынша жүйелі жұмыс атқарып келеді. Ақжарма ауылдық округі бойынша 2020 жылдың 10 айында барлығы 8 қылмыс тіркеліп, оның 4-і ашылған. Учаскелік полиция инспекторы күнделікті ауыл тұрғындарымен түнгі кезекшілікке шығуда. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне жаңартулар мен өзгертулер енгенін, яғни қылмыс санаттары біршама ауырлағаны халыққа түсіндірілді. Сонымен қатар жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында балалардың түн мезгілінде үйінде болуын қадағалау қолға алынуда.
Өткен жылы қоғамдық кеңес отырысында мал ұрлығымен ұсталған адамның мәселесі қаралып, ауыл тұрғындарының ұсынысы бойынша отбасымен ауылдан көшірілді.
– Елді мекен тұрғындары жаңадан орнатылған электр қуатын есептегіш құрылғының жұмысына да күмән келтіріп, электр қуатына төлейтен шығын көбейгенін айтқан болатын. Бұл олқылықтың орнын толтыру мақсатында қандай жұмыс істелді?
– Қазіргі таңда мамандар тұрғындарға түсіндірме жұмысын жүргізуде. Тұрғындарға құрылғының артықшылығы мен пайдалы тұсын жеткізуге күш салуда. Мәселен, смартфон арқылы үйден пайдаланған жарықтың көрсеткішін, қанша қаржы төлеу керегін анықтауға болатыны айтылды. Оған қоса жаңа құрылғының құжаты халыққа тапсырылды.
– Жастар саясатын дамытуда ілгерілеу бар ма?
– Ақжармадағы жастар саны 487-ге жетіп, ауыл тұрғындарының 20,5 пайызын құрап отыр. Жастар мен оқушыларға арналған «Жастар» ұйымы жұмыс жасауда. Ұйым мүшелері ауыл жастарының өзекті мәселесін көтеріп, шығармашылық әлеуетті артыруға қадам жасауда.
Сондай-ақ ауылдағы «Еріктілер клубы» қоғамдық өмірге белсенді араласып келеді. Еріктілер қатарындағы 30-дан астам азамат ауылда барлық саланың ілгерілеуіне атсалысуда. Елімізде орын алған пандемияға байланысты төтенше жағдай жариялануына орай, еріктілер ауылдық округке қарасты Баймұрат батыр, Талдыарал ауылдарындағы блокпосттарда кезекшілік ұйымдастырды. Сонымен қатар еріктілер және «Жастар» ұйымының ұйымдастыруымен мұқтаж отбасына азық-түлік себеттері мен гигиеналық құралдар берілді.
Дегенмен жастарды толғандыратын өзекті мәселе – жұмыссыздық. Бұл бағытта жастарға қалалық жұмыспен қамту орталығы арқылы ұйымдастырған бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне баруға кеңес беріледі. Алайда жастар көңіл бөлмей, жұмыссыздық деңгейіне кері әсер етуде. Осыған сәйкес жыл сайын ҰБТ-дан шекті балл жинай алмаған жастарға колледждерге құжат тапсыруға және «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы туралы түсіндірме жұмысы жүргізіледі.
Әңгімелескен Ерсін Шамшадин