КЕҢЕЙТІЛГЕН ЖИЫН ӨТТІ
Арал ауданының әкімі Мұхтар Оразбаевтың төрағалығымен дербес бөлім, мекеме басшылары мен қала, кент, ауылдық округ әкімдерінің басын қосқан кеңейтілген жиын өтті.
Жиын барысында аудан басшысы ең алдымен кадрлық өзгерістерге тоқталды. Соның ішінде, «Жергілікті мемлекеттік басқарудың кейбір мәселелері туралы» аудан әкімдігінің 2013 жылғы 5 шілдедегі №182 қаулысына өзгерістер енгізу туралы» аудан әкімінің 2017 жылғы 29 желтоқсандағы №231-қ қаулысына сәйкес, Арал аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінен аудан әкімі жанындағы ономастикалық комиссияның функциясын аудандық ішкі саясат бөлімінің функциясына штатымен бірге қосылып берілді. Сонымен қатар, аудандық құрылыс бөлімі мен аудандық сәулет және қала құрылысы бөлімдері біріктіріліп, Арал аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі және облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес жаңадан Арал ауданының активтер және сатып алу бөлімі құрылды.
Мұнан әрі, күн тәртібінде Арал ауданының экономика салаларын дамытудың 2017-2019 жылдарға арналған Жол картасына 2018 жылға енгізілген жобалар және ауданда жаппай кәсіпкерлікті дамытудың кейбір мәселелерінің жайы қаралды.
Алғашқы мәселе бойынша аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Е.Жеткерұлы хабарлама жасап, ағымдағы жылға жоспарланып отырған жұмыстар легін атап өтті. Күн тәртібіндегі екінші мәселе жөнінде аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Б.Жұмағұлов және «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының Арал аудандық филиалының директоры Қадірхан Еңсеповтер сөз алып, ауданда жаппай кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған жұмыстар турасында және өзі жетекшілік ететін салаға қатысты кейбір қажеттіліктер туындап отырғанын баяндап өтті.
Аталған мәселенің өзектілігін баса айтқан аудан әкімі өңірде кәсіпкерлікке бағытталған жұмыстарды жандандырып, кедергілерді болдырмау бағытында тиісті шаралар жүргізуді тапсырды.
Сонымен қатар, жиында атқарушы биліктің халық алдында есеп беруі үстіміздегі жылдың 15 қаңтарынан басталатынды баяндалды. Бұдан өзге, аудан әкімі қыс мезгілінде әлі де аязды күндер болатынын ескертіп, мектептеріндегі жылу қазандықтарының бақылауға алынуын тиісті сала жетекшілеріне міндеттеді.