СӘУЛЕТІ СӘНДІ СОЛ ЖАҒАЛАУ
Бүгінде Сыр өңірі жыл артқан сайын өркендеп келеді. Құрылысшы мамандардың ерен еңбегінің арқасында түрлі бағдарламалар негізінде көптеген жобаларды қолға алып, небір зәулім ғимараттарды, тұрғын үйлерді тұрғызуда.
Сырдария өзенінің сол жағалауынан жаңа қаланың құрылысы басталды. Осылайша күн санап Қызылорданың жаңа бөлігінде көрікті қала бой түзеп келеді. Мұндағы тұрғын үйлер де, зәулім ғимараттар та, әртүрлі нысандар да бәрі-бәрі жаңаша болмақ. Бұл керемет көрініске қарап тұрып, ерекше сезімге бөленетініміз анық. Кезінде қазақ зиялылары қоныс тепкен киелі орда осылайша замана заңымен үндесіп, көркіне көрік қосып келеді. Жақсылардың басын қосқан, ырыс пен дәулет қонған, сәулеті жарасқан қасиетті мекенге айналуда.
Қаланың даму жоспарына сәйкес осы мақсатқа арнайы 1532 гектар бөлінген. Ол аумақта барлық талаптарға сай заманауи үлгідегі жаңа шаһар еңсе түзейді. Аталмыш аумақ 15 ауданнан тұрады. Атап айтқанда, онда тұрғындарға арналған 11 аудан, 1 индустриалдық аймақ, 3 ірі парк пен жасыл желекті аймақ қарастырылып отыр. Жалпы, сол жағалауды кешенді игерудің алғашқы кезеңі 2017-2024 жылдар аралығына белгіленген. Десе де, бұл бағыттағы жұмыстар мерзімінен бұрын басталды. Дәлел ретінде өткен жылы пайдалануға берілген Сырдария өзенінің екі жағалауын байланыстыратын көпірді айтып өтуге болады. Биыл да бұл іс өз жалғасын тапты. Ағымдағы жылы мұнда тұрғын үйлер мен балабақша іргетасы қаланды.
Келер жылы республикалық бюджет есебінен тағы бір балабақша, мектеп, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 500 келушіге арналған емхана құрылысын жүргізу де жоспарда бар. Оған қоса жастардың жан-жақты даму мәселелерімен айналысатын жастар орталығы, неке сарайы, «Болашақ» университетінің студенттер қалашығы, онкологиялық орталық салынады.
Сондай-ақ, Алаштың анасы атанған Сыр өңірінің өткенінен сыр шертер, Қазақ Орталық Атқару комитеті мұражайының ғимараттары бой көтерді. Аймақ басшысының айтуынша, мұнда салынатын музеймен бірге Елбасының рухани жаңғыру бағдарламасынан туындайтын міндеттерді жүзеге асыратын облыстық рухани жаңғыру орталығы орналасады.Қазақ халқының өсіп-өркендеуіндегі арадағы бір ғасырлық уақыт осылайша бір-бірімен сабақтасып, рухани жалғасын таппақ.
Қазіргі күні онкологиялық орталықтың жоба-сметалық құжаттары әзірленуде. Сонымен қатар, «Тұрғын үй құрылысы комбинаты» өнімдерін пайдалана отырып салынатын, сол жағалаудағы 50 пәтерлік арендалық тұрғын үйлердің жоба-сметалық құжаттарын мемлекеттік сараптамасымен қоса әзірлеуге облыстық бюджеттен қомақты ақша бөлінді. Бұдан бөлек 60 пәтерлік 3 арендалық тұрғын үйдің құжаттарын мемлекеттік сараптамасымен қоса әзірлеуге қосымша тағы да қаржы қаралып отыр.
Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ.