ЖАСӨСПІРІМ НЕГЕ ҚЫЛМЫС ЖАСАЙДЫ?
Қаладағы №264 орта мектептің мәжіліс залында жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын-алу бойынша комиссия отырысы өтті. Оған қалалық мәслихат депутаттары, мектеп директорлары мен инспекторлары қатысты. Жиынды комиссия төрағасы Қайрат Ерназаров жүргізді.
Комиссия отырысында білім беру ұйымдарындағы құқық бұзушылықтар, оның алдын-алу және қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету мақсатындағы тиісті іс-шаралар мен жол белгілерінің орналасу мәселесі таразыланды. Қалалық білім бөлімінің бас маманы Гаухар Құдайбергенованың айтуынша, жол-көлік оқиғаларының алдын-алу мақсатында 1-8 сыныптар арасында арнайы сабақтар өткізілуде. Сонымен қатар, «Абайлаңыз балалар» атты алдын-алу шарасы аясында түсіндірме жүргізілген.
Қалалық жергілікті полиция қызметінің басшысы Ермекбай Құдайбергенов білім беру ұйымдарындағы құқық бұзушылықтар мен оның алдын-алу шаралары жөнінде кеңінен тоқталды.
– Алдын-алу шараларының атқарылғанына қарамастан жыл сайын жасөспірімдер арасында құқықсбұзушылықтар мен қылмыстар орын алуда. Үстіміздегі жылдың 4 айында олардың қатысуымен жасалған 26 қылмыс тіркелген. Түнгі уақытта бей-берекет жүргендері үшін 220 жасөспірімнің ата-анасы әкімшілік жауапқа тартылып отыр. Сондай-ақ, балаларының қылмыс жасауына жол бергені үшін 3 ата-анаға шара көруге сотқа құжаттар жолданды, – деді ол.
Ал, білім беру ұйымдары аумағында қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету мақсатында жол белгілерін орналастыру барысымен қалалық коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Талғат Құлмағанбетов таныстырды. Бүгінде облыс орталығында 100-ге жуық жол белгісі жаңадан орнатылып, 170-сі қайта қалпына келтірілген.
– Жасөспірімдер арасындағы қылмыс деңгейі алаңдатады. Біздің мақсатымыз – сол проблемаларды талқылап, олқылықтардың алын-алу болып табылады. Қаршадай балалардың тәртібін қадағалауымыз тиіс, –деді Қ. Ерназаров.
Жиын соңында мектеп басшылары өз ойларын айтып, ұсыныстарын жеткізді. Сонымен қатар, ата-аналардың балаларымен жұмыс жасауы, бос уақыттарын қадағалап отыру қажеттігі сөз болды.
Айтолқын АЙТЖАНОВА.