ҚҰЛАШЫН КЕҢГЕ ЖАЙҒАН ҚҰТ МЕКЕН
Әрбір қаланың адамзат баласы секілді өз тағдыры, өз тарихы болады. Шаһар шежіресі сол байырғы, жергілікті тұрғындардың тұрмыс-тіршілігі, өсіп-өнуімен бірге өріліп, өрби түседі.
Сол сияқты туған жеріміз – Қызылорда қаласы да қос ғасыр тезінен өтіп, 200 жылды тарих қойнауына жіберді. Осы уақыт аралығында мұндағы халық жақсыны да, жаманды да бастан өткерді. Небір қиын-қыстау кезеңдер бүгінде өткен күннен бір белгі ретінде қатталып қалды.
Мен Қызылорда қаласына ең алғаш 16 жасымда келдім. Ол кезде 10 сынып оқып жүргенмін. Сол кезеңде қаладағы ең биік ғимарат облыстық кәсіподақ үйі екен. Облыс орталығын көріп қайтқан үлкендер «Қалада биіктігіне қарасаң, басыңдағы тақияң түсіп қалатын үлкен үй бар» деп осы ғимаратты айтып отырушы еді. Қала әлеуетінің қаншалықты қиын деңгейде болғанын осыдан-ақ бағамдау қиын емес.
Ал, шаһарға мен басшылық еткен жылдарда қаланың бюджеттік әлеуеті де мәз емес еді. Тәуелсіздік алған алғашқы кезең болған соң, біз үшін бірден еңсе көтеріп кету аса қиынға соқты. Елбасының 1996 жылғы арнайы экономикалық аймақтар құру туралы Жарлығымен елде 4 экспорттық-өндірістік тұрпаттағы аймақ құрылды. Бұл төрттіктің бірі – Қызылорда еді. Менің әкімдіктегі қызмет еткен жылдарым дәл осы уақытпен тұспа-тұс келді. Осы арнайы экономикалық аймақ саясатының арқасында біз біраз қаражатқа қол жеткізіп, Қызылорданың жағдайын жақсартуға мүмкіндік туды. Алдымен, облыс орталығын абаттандыру мәселесіне ерекше ден қойдық. Бұған дейін көркейтіп-көгалдандыруға 36 млн. теңге көлемінде ғана қаржы жұмсалса, мен бұл соманы 450-500 млн. теңгеге дейін арттырдым. Мақсат – шаһар шырайын еселендіре түсу. Аталған қаржы есебінен 7-8 субұрқағын аштық, біршама көшелерді кеңейттік, орталық алаң мен қазіргі "Достық үйіне" дейін созылып жатқан арбатты салдық, транзиттік байланысты нығайту мақсатында Қорқыт ата көшесін ұзартып, Жезқазған бағытына қарай шығару сынды азды-кем істердің жүзеге асуына ықпал еттім деп ойлаймын.
Ал, қала үстін кесіп өтіп жатқан дарияның қос жағалауын да тиімді пайдалану, яғни, екі бетіне де қала салу – бұл әлемдік архитектурада озық үлгі. Біз сол жобаны сәтті жүзеге асырып жатқанымызға ерекше қуанамын. Бұл аумақтан жастар қалашығын тұрғызу арманым еді. Тәубә, бұл іс те өз шешімін тауып келеді. Қазіргі таңда "Болашақ" университетінің 12 қабатты бас ғимаратының құрылысы аяқталып қалды. Сыртқы жұмыстары бітіп, тек ішкі әрлеу шаралары ғана жүргізілуде. Барлығы 11 гектар жер көлемін алып жатқан кешенде өзге де бағыттағы түрлі нысандар жастар игілігіне беріледі. Өйткені, болашақ – солардыкі.
Ал, қаламыздың қос ғасырлық қуанышымен барша жерлестерді шын жүректен құттықтаймын. Әсіресе, қанша жылдан бері осы шаһардың байырғы тұрғынына айналған, осындағы сан мың оңтайлы өзгеріске куә болған замандастарды, қазыналы қарияларды ерекше атап өткім келеді. Жергілікті жұрт қазір Қызылорданы құлашын кеңге жайған құт мекен санайды.
Бақберген ДОСМАМБЕТОВ,
мемлекет және қоғам қайраткері.