ҚАЗЫНАЛЫ ӨНЕРДІҢ ҚАРЛЫҒАШЫ
Қайбір күні мектеп оқушылары арасында ұйымдастырылған сәндік-қолданбалы қолөнер көрмесінен ерекше туындыны көзім шалғаны бар. Жас шебер қазір көп жерде көзден таса қалып жүрген киізден кәдімгі киімдер топтамасын тігіпті. Өзін Балнұр деп таныстырған өнерлі өреннің төл туындыларынан ұлттық бояу мен қазақылықтың иісі аңқиды. Көздің жауын алатын әсемдікке тұнып тұр. Бастысы, кешегі баба өнерін кие тұтып, болашақпен сабақтастыруға деген ынта-жігер байқалады.
Оның жасаған бұйымдарының ерекшелігі де сол – ықылым заманнан бүгінге жеткен баба өнерін сол қаз-қалпынша емес, оны заманға сай түрлендіріп, жаңаша сипат бере отырып дайындауында. Бір қызығы, әрбір оюына дейін өте шебер қапсырылып, жік-жігі білінбей әдемі үйлесім тапқан киімді әуелде киізден тігілген деп ойламайсың. Біркелкі жымдасқан жүн мен оның бетіне түскен қызыл-жасыл ұлттық өрнек киім әсемдігін одан әрі еселеп тұрғандай. Ал, үкілі тақия мен кеудеше өзіне құйып құйғандай жараса қалыпты. Балнұрдың айтуынша, киізден әзірленген мұндай киімдер бір жағынан жылы, екіншіден, адамның қанайналым жүйесінің бұзылмауына ықпалын тигізетін көрінеді.
– Кішкентайымнан қолөнерге, сурет салуға бейім болып өстім. Мен 2 сынып оқып жүргенде алдымдағы тәтелерім "Киіз басу" үйірмесіне қатысты. Жасаған дүниелерін анама мақтанышпен көрсеткенде қызығатын едім. Үйірмеге кеткенде үнемі олардан қалғым келмейтін. Дегенмен, жасым жетпеуіне байланысты 1 жылдай күтіп, 3 сыныбымда мен де аталмыш үйірмеге бардым. Онда жетекшім Салтанат Қожантаева біраз нәрсеге үйретті. Әуелі киіз басудың қыр-сырына қанықтым. Қазіргі таңда 8 сыныбымнан бастап қосымша "Жас модельер" үйірмесіне барып жүрмін. Әртүрлі сәндік үлгідегі көйлектер тігуді меңгердім. Мен қолөнер туындыларын жасағанда көбіне, халқымыздың байырғы бұйымдарына ерекше көңіл бөлемін. Себебі, киіз, жүннен жасалған кеудеше, тақия, аяқ киім сынды дүниелер бүгінде ұмыт қалып барады. Қазір сүйікті ісіммен айналысып жүргеніме 7 жылдай уақыт болды, – дейді М.Сужиков атындағы №6 орта мектебінің 11 сынып оқушысы Балнұр Сахиева.
Айта кетерлігі, он саусағынан өнер тамған Балнұр киізден жасалған барлық киімді ешқандай тігіс түсірмей-ақ дайындап шығады. Ұзақ уақыт көз майын тауысып жасағанмен, есесіне нағыз табиғи, әрі төзімді әрі әдемі дүние игілігіңізге айналады. Қолөнер осынысымен де құнды емес пе?
– Алдымен, жүннен жасалатын киімнің үлгісін жасап, оны пішіп аламын. Аңғаратын жәйт – нақты нобайы бойынша белгіленіп алынған жүн әзірлеу барысында әлдеқайда қысқарып кетеді. Сондықтан өлшемді 25 пайызға артығымен алған дұрыс. Содан кейін клеенканың екі бетіне төрт қатар көлденең және тігінен алдын ала түтілген таза жүнді қабаттаймын. Бүгінде оны жасау техникасы өзгергендіктен оларды бір-біріне жабыстыру үшін жылы су мен сабынды қолданамыз. Ал, бұрын әжелеріміз жүн бірігу үшін қазанда қайнап тұрған ыстық сумен пісірген. Жабыстырып болған соң, оны көлеңкеде кептіреміз. Одан соң шала кепкен жүннен ою ойып алып, оны да біріктіреміз. Бұл кепкен соң, мойнын, жеңін, алдын кесіп, ең соңғы рет толықтай бір өңдеп шығамыз. Кеміс-кетігін түзейміз, – дейді ол бұйымның жасалу барысымен таныстырып.
Балнұрдың қазір үйінде жеке тігін машинасы бар. Көңілден шыққан қонымды көйлек үлгілері болса, әп-сәтте-ақ тігіп, киіп алады. Тіпті, күрделі сан түрлі кеш көйлектерін де өзі кесіп-пішіп, әзірлей береді. Құдды тігін фабрикасынан шыққандай мінсіз. Айтуынша, дүкендегі көйлектерден әлдеқайда арзанға түседі. Ал, оның кішкентай сіңлісі де Балнұрға еліктеп, жүннен сөмкелер, моншақтар мен өзге де бұйымдар жасайды.
Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.