Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » ЖАНЫ ЖАЙСАҢ АҒА

ЖАНЫ ЖАЙСАҢ АҒА

   Ойды ой қуалайды. Қиялдағы тіркескен ойлар толассыз аққан судай ағылады. Кейде көрпешеден жіп суырғандай шаршайсың. Оңашада отырғанда ойға не келіп, не кетпейді? Қазыққа байланған аттай бір айтқаныңа қайта оралатын кезіңде болады.  Біздің шағын Жетікөл ауылында абыз ақсақалдар мен асыл ағалар көп еді. Қазір олар да бақилыққа аттанған. Орны ойсырап тұр. Осындай  жанына ізгілік пен имандылықтың нұрын ұялатқан ардақты азаматтың бірі – марқұм Сейткамал Дүйсенбайұлының орны қашанда бөлек. Ағамыз ауылдың іргесін қалады, дамуына сүбелі үлес қосты.
         Ол кісінің бойындағы бір ерекшелігі – өмірге үстірт емес, көкірек көзімен үңіле қарайтын. Содан да болар, ол отбасында үлгілі әке, қызметте білгір де білікті маман бола білді. Қазақ «Таудай талап бергенше, бармақтай бақ бер» деп тілеген. Сол басына қонған бақты алып жүре алатын адамға ақыл да керек. Оған жету үшін де адал еңбек пен білім, білік қажет.
Сонау 1930-38 жылдар аралығында жарық дүние есігін ашқан азаматтардың өмірі мәнді, көңілі сәнді бола қоймағаны тарихтан белгілі. Осындай уақытта 1936 жылдың 24 наурызында Сейткамал ағамыз өмірге келді. Ел жалаңаш, білімді де білікті азаматтар басына іс түсіп жатқанда аласапыран уақыттан бейхабар сәби жарық дүние есігін айқара ашты. Қоңыр тірлікпен күй кешіп жүрген әкесі Дүйсенбай мен анасы Әлиманың арманы орындалды.
         «Ата-ана балаға сыншы» дейді қазақ Сейіткамал ағамыз кішкентайынан алымды, зерек, ақылды, ұғымды, байсалды, ұстамды, сырбаз азамат болып ержетті. Бұл Алланың берген қасиеті ғой. Өйткені, ондай қасиет екінің бірінің бойына беріле бермейді. Ол Сырдария ауданына қарасты Аманкелді ауылындағы Ленин атындағы орта мектеп табалдырығын ең алғаш аттаған күннен бастап, зерек, алғыр бала атанды. 1954 жылы онжылдықты бітірісімен Қазалыдағы ауылшаруашылық техникумының механика бөліміне оқуға түсті. 1958 жылы механик-инженер мамандығын алып шыққан ол  көп ұзамай ірге көтергеніне бір жыл толған Жетікөл кеңшарына комсомолдық жолдамамен механик болып орналасады. Өндірдей жігіт осылай алғашқы еңбек жолын бастады. Жылдар өте өзінің алғырлығымен, ұйымдастырушылық қабілетімен жоғары басшылардың назарына ілінген ол шаруашылықтың бас инженері лауазымына тағайындалды. Таршылық пен жоқшылықтың төл перзенті болғандықтан ауыл адамдарының қыстық отын, суы мен қыстық шөбін дайындап алуына әрдайым қажетті техникамен қамтамасыз етуді қолға алды. Тұрмыс-тіршіліктің тауқыметімен алдына келген ауыл адамдарының әсте де бетін қайтармады. Қолдан келгенше көмегін аямады. Осылай ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайына барынша көмек қолын созды. Ешкімге бұра тартпады, ешкімді алаламады. Ауылдағы ағайынға деген жылы ілтипаты, қамқорлығы, адалдығы ешқашан суымады. Әсіресе ағайын арасындағы бірлікті сақтаудағы парасаты биік болатын. Бір ауыз сөзбен тентекті түзеп, қисықты жөнге салып жіберетіндігі өз алдына бір төбе әңгіме.
         Жетікөлдің экономикалық дамуына барынша күш-жігерін аямады. Жыл сайын шаруашылықтың техникалық ахуалын арттырып, оларды жаңалап отырды. Ол кезеңде шаруашылыққа жаңа техника алу жолы өте күрделі еді. Оның басты себебі, шаруашылықпен жыл сайынғы атқарған жұмысы мен табысы көлеміне қарап берілетін. Сейіткамал ағамыз өзінің іскерлігінің арқасында ебін тауып жаңа техникаларды ебін тауып Жетікөлге алып келетін. Көктем келсе ол кісі дала қосынан, егіс басынан табылатын. Іскер ұйымдастырушы ретінде әріптестер арасында биік беделге ие бола білді. Ұзақ жылдар шаруашылықты басқарған Сартай Мыханов, Әбжаппар Асанов секілді басшылармен ортақ тіл табыса қызмет етті. Өзін осылай білікті маман екендігін көрсете білгендігінің нәтижесінде талай мәрте облыс басшылығы қолынан медаль мен грамота алды. Осылай ел болашағының баянды болуы жолында адал қызмет атқарды. Сейіткамал ағамыз аяулы жары Рсалды жеңгеміз екеуі 5 ұл, 5 қыз тәрбиелеп өсіріп, ел қатарына қосты. Олардың бәрі егемен елдің өркендеуі жолында қызмет етуде. Бәрі де үйлі-баранды, елге танымал азаматтар. Олардың өздері бүгінде немере сүйіп, құда-жекжатты. Сейіткамал ағамыз 1988 жылдың 28 қазанында дүниеден озды.
         Міне, асыл ағамыздың өмірден өткеніне де 30 жылдай уақыт болыпты. Білінбей өте шыққан неткен жүйрік уақыт десеңші? Жақында туған топырақ – Жетікөлге барудың сәті түсті.  Ауылда сәлем бере баратын үлкендердің де қатары қалмапты. Күрең күз жанымды құлазытып, аспанда сұр бұлтын қаптада денемді қалтыратып жіберді. Артынша жауған мұздай жаңбыр жерге сіңіп жатты. Бебеу қаққан қайран уақыт.
Өткен күндерде өрелі іс жасап, елдің, халықтың жылы ықыласына бөленген жайдары жүзді жаны жайсаң ағалар ойға оралды. «Жақсының ісі өшпейді» деген осы шығар. Сол сәтте Сейіткамал аға алдымен еске түсті.
                                                                                         Кенжалы ЕРІМБЕТОВ
24 қазан 2018 ж. 1 062 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 445 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам