ТҰҒЫРЛЫ ТҰЛҒАНЫҢ ДАРА ЖОЛЫ
Жалағаш ауданындағы Ақсу ауылында «Қазақ ССР-нің Еңбек сіңірген мұғалімі», «СССР – халық ағарту ісінің үздігі», «Қазақ ССР халық ағарту үздігі» Қожабай Бақбергеновтің 90 жылдық мерейтойы аталып өтті.
Мерейтой барысында тау тұлғалы азаматтың ғибратты ғұмыры мен өмір күнделігі, қалтқысыз адал еңбегі жайында сыр шертетін қарымды қаламгер, журналист Серік Бертаевтың «Тұғырлы тұлғаның дара жолы» атты кітабы қалың оқырманға жол тартты.
Салтанатты жиында аудан әкімінің орынбасары Жағыпар Тажмаханов,
кітап авторы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Серік Бертаев, ел ағалары Кенжеғара Сүлейменов, Болат Мұстаяпов, Батырбек Маншарипов, Әлтай Прманов, облыстық кәсіподақ комитетінің төрайымы Райкүл Байназарова сөз алып, талай шәкірттерді шың биігіне шығарған дара тұлғаның өмір жолына тоқталды. Сондай-ақ, ардагер ұстаздың туыстары мен көзкөрген азаматтар естелік әңгімелерден сыр шертіп, мағыналы ғұрын көпке үлгі етті.
Қожабай ұстаз білікті басшы бола білді. Бүгінде Қ.Бақбергеновтің шәкірттері ел ішінде түрлі салада еңбек етіп жүр. Еңбек жолын мұғалімдіктен бастаған ол кейін Ақсу ауылындағы №116 орта мектепке басшылық етті. Оның рухани жан дүниесі таза, адамға деген мейірімі мол жан еді дейді замандастары.
Айта кеткен жөн Қ.Бақбергенов 1974 жылы Қазақ Республикасы оқу министрлігінің халыққа білім беру ісінің озаты атанса, 1978 жылы Қазақстан мұғалімдерінің V съезінің делегаты, осы съезде «Құрмет белгісі» орденімен марапатталады. 1980 жылы СССР халыққа білім беру ісінің озаты атанады.
Қырық жыл бойы жергілікті советтің депутаты, аудандық партия комитетінің мүшесі, бірнеше конференциялардың делегаты болды. Оның көп жылдық педагогика саласындағы еңбегі бағаланып, 1987 жылы «Қазақ ССР-ның еңбегі сіңген мұғалімі» және 2000 жылы «Ғасыр директоры» құрметті атағы атағы берілді.
Еске алу жиында ұстаздың өмір жолы туралы бейнеролик көрсетіліп, мектеп оқушылары патриоттық үлгідегі әндерді шырқады. Мұнан соң, дара тұлғаның артында қалған ұрпақтары ас беріп, құран бағыштады.