Саз балшық терапиясы
Ұзын-сонар дәліз соңындағы қоңыр есікке қарай аяңдап келемін. Айқара ашық тұрған есік сыртына "Көркем қыш және мүсін өнері" деп жазылыпты. Ішке енген бойда-ақ бөлменің бір қабырғасын тұтастай алып тұрған биік сөреге назарым бірден ауды. Онда самсаған мүсіндеме өнерінің алуан түрі жайғасыпты. Байқағанымдай, бірі өте ұқыпты жасалса, енді бірі асығыс істелгендей қолға кедір-бұдыр тұсы анық білінеді. Топшылауымша, аталмыш өнерді енді ғана үйреніп жүрген баланың алғашқы туындысына ұқсайды. Десе де, бар ынтасымен жасалғаны сезіліп-ақ тұр.
Өнерге құштар өрендер
Иә, біз әңгімелеп отырған бұл бөлмеден осыдан 3-4 жыл бұрын "Көркем қыш және мүсін өнері" үйірмесі ашылған еді. Ол – оқушылар сарайы жанынан құрылып, өз жұмысын бастады. Бүгінде үйірмеге келуші жастар қатары көп. Олардың барлығы да саз балшықтың сырын ұғып, қыш құмыра құпиясына терең бойлағысы келеді. Тіпті, мұнда бар-жоғы 2-3 сыныпта оқитын кішкентай бүлдіршіндер аптасына 2 мәрте аталмыш өнер туралы сабақ алады. Үйренеді. Мүсін өнеріндегі алғашқы туындыларын бірге жасайды.
– Осы салаға қызығушылығы бар балаларға есігіміз ашық. Дәріс тегін жүргізіледі. Оның сурет салуға, бейнелеу және қолөнерге деген қабілетін анықтаймыз. Икемі бар балалар бір-екі рет бағыт-бағдар бергеннен-ақ әрі қарай алып кетеді. Бастысы, қол жаттығу керек. Тепе-теңдікті, дәлдікті, көз жоба бойынша есептей алуы шарт. Бұл өнер түрінің артықшылығы бір жағынан жастарды шығармашылыққа, эстетикалық көркемдікке, өнерге баулыса, екінші жағынан еңбекке, қол қимылының дамуына жәрдемдеседі, – деді аталмыш үйірме жетекшісі Ескендір Серманов.
Бүгінде үйірменің талантты әрі белсенді қатысушылары төл туындысын жасап, облыстық, республикалық деңгейдегі байқауларда бақ сынап үлгерген. Жүлделі орын биігінен көрініп жүрген өрендер де жоқ емес. Қазіргі таңда үйірме жұмысын жандандыру мақсатында айналмалы қондырғының екеуі сатып алынған. Оның көмегімен балалар саз балшықтан қыш құмыралар жасауды меңгеріп жүр. Оған арналған балшық түрін Алматы қаласы мен Жаңақорған ауданынан арнайы алдырып отыр. Бір жақсысы, алдын ала әзірленіп қойылған саз балшықты полиэтиленді пакет пен дымқыл матаға орап тастаса, ұзақ уақытқа дейін қолдануға жарай беретін көрінеді.
Арт-терапия ағзаға пайдалы

Ал, аталмыш үйірмеге қатысқанына бір жылға жуық уақыт өткен 11 жасар Қайсар Сейдахмет осы кезге дейін бар оқып-білгенін бізге тәжірибе жүзінде көрсетіп, әп-сәтте жаңа бір құмыраны жасап шығарды. Әлі де қатая қоймаған оның сүйріктей саусақтарынан бұл іске әжептәуір төселіп қалғандығын аңғардық.
Әңгіме барысында саз балшықпен жұмыс барысын тәптіштеп баяндап берген Ескендір Серманов мың градусқа дейін күйдірілген құмыра бірнеше ғасыр бойы еш мінсіз сақталуына қауқарлы болатынын айтады. Расында, ол жылдар жылнамасында сыр-сипаты мен сымбатын сол қалпында сақтаумен бірге, отқа да өте төзімді келеді. Мәселен, қас-қағымда сан мың шақырым қашықтыққа заулайтын зымыран моторы саз балшық керамикасынан құйылатынын біреу білсе, біреу білмес. Себебі, мыңдаған градус ыстық шығаратын ғарыш кемесінің моторында жанған отқа ешқандай темір заты төтеп бере алмай, балқып кететін көрінеді. Ал, біз білетін керамика керісінше, оттың қызуы күшейген сайын қатая түсетіні мәлім.
Көненің көзіндей көзе кәсібі

Расында, ежелгі дәуірде-ақ қоныстарды мекендеушілерде қыш ыдыс пен көзелерді жасау ісі едәуір дамыған. Оның барлығы өз кезегінде шаруашылық пен тұрмыста пайдалануға арналған. Бір қызығы, ыдыс-аяққа қарап, олардың жасалу техникасы туралы сөз етуге болады. Сала мамандары арасында қалыптасқан бұл әдісті осы істің кәнігі шебері ретінде Ескендір Серманов та қолдайды. Оның айтуынша, қыш құмыралар бедеріне қарап, оның қандай балшықтан, қалай жасалғандығын анық аңғаруға болады екен. Ал, қай заманда да қыш құмыра жасаушылар ең әуелі балшық таңдауда өте мұқият болған. Тіпті, кейде ол бірнеше шақырым жерден арнайы әкелінген де деседі. Содан соң жаз бойы әртүрлі арнайы қоспалар қосылып иі қандырылып, одан кейін ғана қолдануға жарамды еткен.
Атадан жалғасқан бұл кәсіпті қазір Ескендір құмырашы өн бойына қан жүгіртіп, өскелең ұрпақ бойына сіңіруге күш салып келеді. Бастысы, оны балалардың ескі дәуірден жеткен көненің көзіне деген ерекше қызығушылығы қуантатынын айтады.
"Өнерді үйрен де жирен" дейді дана халқымыз. Ендеше, баланың бос уақытын тиімді пайдаланып, осындай пайдасы көл-көсір дүниені бойына сіңіре берудің зияны жоқ, әсілі...
Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.