Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Үкілі кәмшат, бүрмелі көйлек...

Үкілі кәмшат, бүрмелі көйлек...

       Қазақ қызының талдырмыш мүсінін айшықтап, қыпша белін қынай түсетін мақпал қамзол, кеудесі көздің жауын алатын жауһар тастармен безендірілген кәжекей, етегі төгіліп, әппақ пәктікті, тазалықты таныта түсетін бүрмелі көйлек, оқамен өрнектеліп, көркем жіппен кестеленіп, сұлуларға сән берген сәукеле, жаңа түскен келіннің ұяңдығын еселеп, белге түскен шашақты ақ орамал бәрі-бәрі үлбіреген нәзіктік пен әсемдік атаулысын паш етіп тұр.
         Біз әңгімелеп отырған бұл сұлулықтың барлығы ұлттық киімдер тігумен айналысатын "Saya Mukhanova" сән топтамаларына ғана тән секілді. Қаз-қатар тізілген ұлттық нақыштағы көйлектерден алыстан-ақ нағыз қазақылықтың иісі аңқып тұр. Ұстасаң үлбіреп, сондай бір ерекше нәзіктік сыйлайтын дүниелердің әрқайсысынан қыз-келіншектің көркемдігін әспеттей түсетін әсемдікті сезесің. Жас дизайнер Сая Мұханованың туындыларының ерекшелігі де сол – нәзіктік пен сонау қадым заманнан жеткен ұлттық киім үлгілерін жастардың талғамы бойынша заманауи тұрғыда үндестіре білу.
         – Маған ұлттық киімдер топтамалары аясында авторлық жұмыс жасау идеясы аяқ астынан келді десем де болады. Өзім бұрыннан балалар мен нәзікжандыларға арналған әртүрлі стильдегі білезік, биік тәж, сырға мен алқалар сынды көптеген әшекей бұйымдарын тапсырыспен жасаймын. Кейін қазақы образды толықтыра түсу мақсатында әшекеймен түстес жарасымды етіп, қамзол, кәжекей тіге бастадым. Ұлттық өнерді жаңаша тұрғыда ұштастырып, ою-өрнек орнына түрлі декорациялық моншақ тастармен безендіруді қолға алдым. Жаңа түскен келін келбетін шырайландыра түсу үшін бұл әдісті орамалдар мен желектерге де қолдандым. Қысқасы, бұйымдарымның барлығын бүгінгі трэндке сай етіп жасауға тырыстым. Байқап қарасам, халықтың да дәл осындай үлгіге қызығушылығы зор сияқты. Сөйтіп, осындай сәндік үлгідегі ұлттық киімдерге тапсырыс күннен-күнге көбейді. Осылайша жаңа кәсібімді бастап кеттім, – дейді қазақылықты бойына сіңіріп өскен тігінші қыз.
         Бүгінде Саяның еліміздің түкпір-түкпірінде тұрақты тұтынушылары қалыптасқан. Тіпті, көршілес шетелдерден де қызығушылық танытып жататындар жоқ емес. Ал, әрбір топтамасын әлеуметтік желі арқылы тамашалап, сүйсініп отыратын, өнеріне тәнті жандардың үнемі жағымды пікір жазып, кәсібіне несібе мен береке тілеп отыратыны Саяны одан әрі қанаттандыра түседі. Жүрек қалауына жақын іспен айналысудың ләззаты да осында жатқанын ол әлдеқашан-ақ ұғынып қойған.
         – Қазір қыз-келіншектердің қазақы ұлттық нақыштағы көйлектерге қайта бет бұрып келе жатқандығын көріп қуанамын. Мәселен, бұрын қыздар ұзатуында батыстық үлгіде тігілген той көйлегін кигенді ұнататын. Ал, қазір қалыңдық ақ желекті сәукеле, қамзолды көйлек киіп, зергерлік бұйымды жарқырата тағып шыққанды құп көреді. Расымен, қараған көз сүйсінеді. Сондай жарасымды. Сонымен қатар, орамал тақпайтын қалалық кей келіншектердің өзі менің дүкеніме келіп, түрлі әшекеймен көмкерілген орамалға қызығып, сатып алып кетіп жатады. Анасына, апа-қарындасына, сүйікті жарына сый жасағысы келген ер-азаматтар, үлкендік тәлімін көрсетіп келініне сыйлық ұсынуды қалаған енелер көптеп келеді. Мен отбасы құндылығындағы осындай сыйластық өзегінің үзілмеуіне аз да болса, өз үлесімді қосқаныма қуанамын, – дейді жас дизайнер.
         Бүгінге дейін он саусағынан өнер тамған Саяның қолынан туған дүниені тұтынып, қаншама қыз ақ босаға аттап, келін атанды. Қаншама сәбидің тұсауы кесілді. Бастысы, ұлттық сана жаңғыртылуда, ұлттық дәстүр ұлықталуда. Ал, алдағы күн еншісінде атқарылар істер көп. Бір қызығы, Астана, Маңғыстау өңіріндегі кәсіпкерлер тарапынан сонда Саяның аталмыш сәндік топтамасының филиалын ашу туралы ұсыныс та жоқ емес. Әйткенмен, пайда көзіне емес, әуелі, сапаға аса мән беретін бойжеткен мұндай ауқымды шараларды асықпай-аптықпай, саралап жүзеге асырғанды жөн көреді. "Байлық түбі – ақыл, hәм қол ұсталығы. Осы екеуі қосылмай адам баласы қазынаға жарымайды" деген аталы сөздің мәйегін терең ұғынып өскен ол болашақта заманауи үлгідегі ұлттық киімнің үлкен ательесін ашуды жоспарлап отыр. Талап пен талғамды өзара тоғыстыра білген сұлу ісмер дәстүрлі құндылықты бизнес әлемінде кеңінен дамыту ісіне осылайша бел шеше кіріспек.
Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.
Суреттерді түсірген Нұрболат НҰРЖАУБАЙ.
26 наурыз 2019 ж. 3 461 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 430 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам