Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » ТОҚЫМА ТЕРАПИЯСЫ адам денсаулығына оң әсер етеді

ТОҚЫМА ТЕРАПИЯСЫ адам денсаулығына оң әсер етеді

     Көпшілігіміз тоқыма тоқуды қарт әжелер мен үй шаруасындағы әйелдердің қолы қалт етіп босай қалса, айналысатын ермегі не сүйікті ісі деп білеміз. Әсілінде, олай емес. Бүгінде аздап тоқырауға ұшырап жүрген бұл кәсіп – барлығына ортақ, кәделі әрі пайдалы іс екенін көпшілік біле бермейді. Оның үстіне құм, саз балшық терапиясы секілді тоқыма тоқудың да денсаулыққа көл-көсір пайдасы бар көрінеді. Ғалымдардың дәлелдеуінше, күнделікті күйбең тірліктен бойыңды әлсіздік, көңілсіздік, күйзеліс билеген сәтте осы істі қолға алсаң, санаңда ерекше серпіліс пайда болады екен. Тіпті, жүйке жүйесі, жүрек-қан тамырлары және гипетоникалық аурулардың алдын алу мақсатында дәрігерлердің өзі анда-санда тоқыма тоқуға кеңес береді.
       Біздің бұл сөзімізді қызылордалық тоқымашы, мүмкіндігі шектеулі жан – Күлсін Арзымбетова да қуаттайды. Туа бітті жүру мүмкіндігінен айырылған оның бұл істі кәсіп еткеніне біраз жылдың жүзі болған. Тумысынан екі аяғы семіп, арбаға таңылған ол алғашында тоқыманы жәй ғана қызығушылықтан бастағанын айтады. Кейіннен ғаламтордан бұл істің қыр-сырымен танысып, тоқу әдістерін өз бетінше үйреніп, біржола кәсіп етуді мақсат етіпті.
         – Ата кәсіптің бұл түрінің жүйке жүйесі мен ми жұмысын жақсартатынына өз басым көзім жеткен. Себебі, тоқыма тоқу – шығармашылық жұмыс болғандықтан, артық ойдан арылып, көңілің ауады. Тоқудың тәсілдерін ойлап, оның ішіне қалай еніп кеткеніңді де байқамай қаласың. Жан-жағыңды ұмытасың. Бар назарың соған аударылып, жаның тынышталады. Бір жағынан, осындай сүйіспеншіліктен туған дүниең көпшіліктің көңілінен шығып жатса, ол да керемет емес пе? Ұнағаны болса, сатып алып, кейіннен тағы тапсырыс беріп жататындары да бар. Сан-саққа жүгірген түбі жоқ оймен таңды-таңға ұрып, бекерге уақыт өткізгенше осындай пайдасы мол дүниемен айналысып, тірлік қамын жасаған мың есе артық, – дейді тағдыр сынағына мойымаған қолөнерші бізбен әңгімесінде.
         Оның айтуынша, тоқыма тоқуға айтарлықтай шеберліктің, қанмен келер ісмерлік қабілеттің де қажеті шамалы. Тек адамда үйренуге деген ынта мен төзімділік, шыдамдылық қасиет болса, жетіп жатыр. Себебі, біздің кейіпкеріміз де өз бетінше іс тігіп, текті өнерден қуат алып, кәсібін өрге домалатып отырған талапты жанның бірі.
         Бүгінде Күлсін шебердің тұрақты тұтынушылары көп. Сан алуан жіптерден шақпақталған туындылардың әрқайсысынан мінсіз шеберлік пен түстер талғамы керемет үйлесім тапқан. Әсіресе, башмақ, бас киім, кеудеше секілді бала киімдер ерекше көздің жауын алады. Құдды бір, тігін фабрикасынан әзірленіп шыққандай сондай әдемі. Бір-біріне жымдасып кеткен жіптер тігісінен асқан мұқияттылықты аңғарасың.
         – "Жығылғанға жұдырық" дегендей 7 сынып оқып жүрген кезімде қатты тұмауратып ауырып, соның салдарынан құлағымның есту қабілетінен айырылып қалдым. Онсыз да дүдәмал күйде жүрген мен үшін бұл да оңайға соқпады. Десе де, қол қусырып отыруды жаным сүймеді. Ел қатарлы еңбек етуді ойладым. Қазір тоқыма кәсібімді жүргізіп отырмын. Түрлі көрмелерге, қолөнершілер жиынына қатысып тұрамын. Туындыларыма қызығушылық танытатындар көп. Бағасы да қолжетімді. Ең арзаны 500 теңгеден басталады, – дейді ол.
         Күлсін шебердің тынымсыз бұл тірлігі он екі мүшесі сау бола тұра екі қолға бір күрек таппай сенделген кейбір жандар үшін үлкен өнеге болары анық. Ал, аталмыш өнерді дәріптеп жүргені өз алдына бөлек әңгіме. Себебі, бұрын кез келген үйде домалап жататын тоқыма жіптерін қазір іздеп жүріп табу қиын. Киім тоқып киетіндер де жоқтың қасы. Бәрі де цехтың дайын өнімін тұтынуға бой үйреткен. Мүмкін, тоқуға деген құлық жоқ, мүмкін уақыт жоқ. Әйтеуір, осы бір керемет шеберлік үлгісі ұмытылып бара жатқандығы қынжылтады.
Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.
               Суретті түсірген Нұрболат НҰРЖАУБАЙ.     
01 сәуір 2019 ж. 2 883 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Ақпан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
2425262728 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 449 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам