ЖЫР-ӘННІҢ ЕЛІ, ТҰРАННЫҢ ТӨРІ
Сыр өңірінің бас шаһары – Қызылорда қаласының 200 жылдық мерейтойы барша облыс халқы үшін ортақ мереке. Осы орайда аудандарда қаланың мәдени күндері өтіп, облыс орталығынан бой түзеген өнер керуені шалғайдағы тұрғындарға да мерейлі мерекенің лебін сезіндірді. Айдынды Аралдан бастау алған айшықты шара Қазалы ауданында жалғасын тауып, одан әрі аймақтың барлық өңірін қамтыды.
– Берекелі құт қонған аудандардың облыс орталығымен арадағы рухани байланысын арттыру үшін Қызылорда жұртшылығы атынан сіздерге деген мерекелік тартуымызды қабыл алыңыздар. Даңқы асқақ өңірдің мәртебесі биік, мерейі үстем болып, елдігіміз бен кеңдігімізді ту еткен аймағымыздың абыройы арта берсін, – деді қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев аудандарға сапары барысында.
Мерекелік кеш аясында "Жыр-әннің елі, Тұранның төрі – Қызылорда" атты қала өнерпаздарының қатысуымен концерттік бағдарлама көпшілік назарына ұсынылды. Сондай-ақ, қала әкімі аудандардың дамуына өз үлесін қосқан ардагерлер мен зиялы қауым өкілдерін Қызылорда қаласының 200 жылдық төсбелгісімен марапаттады.
Алдымен, Арал, Қазалы аймағына тарту жасаған өнер көші мұнан соң қасиетті Қармақшы топырағына барып ат басын тіреді. Жүз шайыр шығып, халқы жырмен құндақталып өскен мекенде ауылдың алты аузы жырланып, көркем кеш сөз өнерімен кестеленді. Айта кетейік, қаланың қос ғасырлық мейрамына қармақшылық ағайын да той торалғысын жасап, шаһардағы Келменбет батыр ескерткішін қайта жаңғыртып, айналасын абаттандырып берген еді. Осы игі істің қайтарымы іспетті жалғасын тапқан бұл рухани кеш те мұндағы жұртшылықты шат-шадыман күйге бөлеп қайтқан еді.
Дәл осындай тағылымды шараға Жалағаш пен Шиелі халқы да өз ризашылығын білдірді. Ауданға сапар барысында қала әкімі бастаған делегация құрамы "Мөлдір және К" ЖШС құс өсіру фермасы, "Ару ана" шұбат цехының жұмысымен танысты. Сондай-ақ, "Компания Гежуба Шиелі Цемент" ЖШС цемент зауытының құрылыс алаңында болды. Аталмыш шараның мақсаты да сол – тек той тойлап қайту емес, облысқа қарасты аймақтардың тыныс-тіршілігін көзбен көріп, өңір экономикасын өрге сүйреген ірі өндіріс нысандары мен жаңадан іске қосылған кәсіпорындарды, ел игілігіне берілген мәдени-рухани орындарды тамашалау. Осылайша Аралдан бастау алып, қарт Қаратау бөктеріндегі Жаңақорғанмен қорытындыланған ауқымды шара қала мен ауылдың өзара тығыз байланысын одан әрі нығайта түсті.
Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.