Кәмила Әбжанова: Ұлт өнерінің өміршеңдігіне сенемін
Бүгін жан дүниесі ерекше шуаққа бөленіп отыр. Түнде көрген түсі дәл өңіндегідей анық, әрі әсерлі. Ол бұлай ешқашан тебіреніп, шынайы сезімге берілген емес. Өзімен-өзі қалған сәтте табиғатпен сырласып, қараңғы түннен, жарық күннен, жусан иісінен бір әдемілік іздейді. Беймәлім күш бойын кернеп, шағала көңіл шарқ ұрды. Кейде шабыты тасығанда әуелетіп ән де шырқап, би де билейді. Сол бір балалық шақтан жан әлемінде өзгеше құбылыс болып жатқанын, өнерге ғашық екенін бар болмысымен сезіне бастады.
Әкесі Әбдіғали бесіктегі бал бөбегін күндіз-түні құдіретті күй әуенімен тербеткен екен. Ол кісі атақты күйші Дина Нұрпейісованың шәкірті болған. Анасы да әжептәуір ән шырқайтын. Осындай өнерлі отбасының үкілеген үмітін тұмардай тағынып бой түзеген өнегелі жанның жүріп өткен өнер жолы тағылымға толы. Бүгінгі әңгімеміздің кейіпкері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, облыстық Н. Бекежанов атындағы қазақ драма театрының әртісі Кәмила Әбжанова жайлы болмақ. Тұғырлы 70 жасқа қадам басқан өнер иесімен мерейтой қарсаңында әңгімелесудің сәті түсті.
–Кәмила апай, сіздің жастық шағыңыз елдегі қиын-қыстау кезеңге дөп келгенін білеміз. Десе де, сол өткен шаққа ой жүгіртіп, кіндік қаныңыз тамған құтты мекен туралы сыр шертсеңіз...
–Бәрі күні кешегідей көз алдымда. Біз өмірге келген уақыт соғыстың ауыртпалығын ұмыта қоймаған қиын уақыт. Бәрі тапшы болатын. Бар мен жоқтың қадірін сезініп, ерте есейіп, ақыл тоқтаттық. Менің дүниеге келген, өскен жерім – Қазалы ауданы, Майлыбас ауылы. Киелі мекеннің шиыр-шиыр сары құмдары табаныңа тигенде Жер-ананың жүрек соғысын тыңдағандай әсерде боласың. Самал желмен жарысып, таң алакеуімнен жас төлмен бірге ерте оянып, туған жердің жусанынының жұпар иісін құмарың қанғанша иіскеп өскеннің өзі неткен бақыт десеңші! Желкенін керген жас дәурендегі қиялыма қанат байлап ұшырған осы қасиетті мекенге әркез перзенттік іңкәр жүрекпен тәу етемін.
–«Өнердің өрісі кең» деп жатады. Алайда сіз өскен орта өрісіңізді кеңейтіп, руханият әлеміне жолдама берді деп ойлайсыз ба?
–Әрине, оған ешбір шүбә келтірмеймін. Мектепте жүргенде әнші болуды армандадым. Оның үстіне менің әкем Роза Бағлановамен бірге сахнада өнер көрсеткен. Еміс-еміс есімде қалғаны, Роза апамыз сахнаға шыққанда, мен шымылдықтың тасасына тығылып ән тыңдайтын едім. Ауыл сахнасы кіп-кішкене ұядай ғана. Бәрі естіледі. Ауылдағылар мұндай концертке тайлы-тұяғы қалмай жиналады. Бірде ол кісі «Менің Қазақстаным» әнін төгілте шырқағанда өзімнің қайда тұрғанымды ұмытып, әуенге қосылып кетіппін. Өз дауысымнан өзім селт етіп оянып, қарасам, әнші апам әлі де ән қанатында тербеліп маған жымиып қарап тұр екен.
Осындай бұлбұл үнді кісілерге елтіп, зейінім ашылып, шабытым оянды ма білмеймін, есейе келе «Гүлдер» ансамбліне кіріп әнші болуды армандадым. Менің әкем әнші болмаса да, керемет күйші еді. Саусақтары домбыра шанағына тигенде күйдің күмбірі өн бойыңды шымырлатып, ерекше әсерге бөлейтін. Күй орындаудағы шашасына шаң жұқтырмайтын қасиеті маған дарыса керек. Мен әкем секілді халық елтіп тыңдайтын қандай өнер болсын игерсем деп талап жасадым. Шама-шарқымша домбыра шерттім. Дәл әкемдей күй табиғатын терең сезіндім деп айта алмаймын. Бірақ құдіретті тылсым күш мені бәрібір қиындығы және қызығы мол өнер сахнасына алып келді.
–Киелі сахнада өнер көрсеткеніңізге 47 жыл болыпты. Сол уақытта талай өнер тарландарымен бірге әртүрлі образды қатар ойнаған боларсыз?
–Артта қалған ғибратты да, жемісті жылдарға сағынышпен қараймын. Небір өнер шеберлерінің көзін көрдік, олармен бір спектакльде қатар ойнадық. Нартай Бекежанов атындағы театрдың уығын шаншысып, керегесін керген Шолпан Бәкірова, Әбдіғұмар Мәрденов, Қыдырма Көпбаев, Кәшифа Көпбаева, Айнатай Манасбаева, Шәріп Мәрденов, Райса Тәшібаевадай секілді сахна саңлақтарынан тәлім ала жүріп шыңдала бердім. Өзіммен тұстас есімі елге құрметті Жібек Бағысова, Серік Шотықов, Тұрысжан Айнақұлов, Пахраддин Қуанышев, Ізбасқан Шәкіров, Ұлбатай Баяділова, Әлия Арысбаева, Асқарбек Сейілханов, Яһуда Халықұлов секілді актерлермен талай спектакльде қатар ойнадық. Менің өрісімді кеңітіп, шабытымның шарықтауына ерекше қуат берген осындай айтулы тұлғалармен айдында қатар жүзгеніме өзімді бақытты санаймын.
–Осы уақытқа дейін 100-ден аса рөлде ойнапсыз. Тіпті «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» кинофильмінде Мақпал бейнесін сомдаған екенсіз. Соның ішінде өзіңіздің көңіліңізге ең жақын қойылымды атап өтсеңіз?
–Қай кейіпкердің бейнесін сомдасам да, шынайы болуға бар жанымды салып, сол образға бүкіл жан-тәніммен кіріп кететінімді жасырмаймын. Т. Ахтановтың «Күшік күйеуінде» Алма, Қ. Мұхамеджановтың «Бөлтірік бөрік астында» комедиясындағы Марфуға, О. Бодықовтың «Үйленгім келмейді» қойылымында Тасбике рөлін сомдадым. Өзімнің оң жамбасыма түскен рөл ойындағысын ашық айтатын, ерке Марфуғаның образы болды. Ол – жеңіл, зілсіз күлкіге құрылған қарапайым қазақ әйелі. Көрерменді күміс күлкіге көмілдірер тұстары көп. Жалпы, залдағы көрерменді өзіңе баурап алу оңайға түспейді. Оған үлкен дайындық пен ширыққан шеберлік керек. Ойлану мен толғану мехнатын бастан өткізбей жасаған бейнең көп көңілінен шықпайды. Өмірде көңілді, ақжарқын болғанмен, сахнада бірде бейкүнә, бірде қу, бірде тәкаппар, бірде сұрапыл болып мың құбылып тұруың керек. Әр кейіпкеріңнің өмірін кестелеп, оның қоғамдағы орнын, жан сезімін тамыршыдай дөп бассаң ғана образға кіресің.
–Ертеректе театр сыншысы дегенді естіп қалатын едік. Қазір сіздердің әр қойылымыңызға кәсіби тұрғыда баға беріп сараптайтын маман бар ма?
–Дұрыс айтасыз. «Сын түзелмей, мін түзелмейді» деп атам қазақ өте дұрыс айтқан. Міне, осы жағы бізде ақсап тұр. Бұрын театр сыншысы деген болды. Ол әр қойылымды мүлт жіберместен қадағалап, қатеңді түзеп, сын тезіне салып отыратын. Сондықтан болар, бізде әр рөлге жауапкершілік жоғары болатын. Бағыбек Құндақбаев, режиссер Тастан Өтебаевтар керемет сыншы болатын. Сондай өнерге жоғары талғаммен талап қоя білетін ұлтының өнерін ту еткен жандар болмағанда мен осы дәрежеге жетем ба, жетпеймін ба кім білсін? Сондай ұлы ұстаздар алдында бас иемін.
–Сәбира Майқанова сынды ғажайып әртісті көргеніңіздің өзі бір керемет естелік екен. Сол сәт әлі көз алдыңызда болар?
–Сәбира апа біздің жерлесіміз ғой. Ол кісінің туған жерге бүйрегі бұрып тұратын. «Әй, қыз, бері кел. Қарындарың ашып жүрген жоқ па?» деп үйіне шақырып тойдырып жіберетін. Қазір сол не деген құдірет, қандай бауырмалдық пен кеңпейілділік деп риза боламын.
Сәбира апаммен танысқанша мен «актрисалар сұлу болады, менің көзім көк. Ендеше, бұл оқуға неге түстім» деп іштей таңдауымның дұрыстығына күманданатын едім. Мен ешқашан Қарагөзді ойнай алмаймын дейтінмін. Сәбира апайды көргенде өнер сұлулықта емес, сенім мен дарында екенін терең түсіндім. Ол кісіден ғибрат, өнеге алар тұстар көп. Сәбира апаның үйіне барғанымда сыйлыққа орамал берген болатын. Оны ырымдап, мойнымнан тастамайтынмын. Әлі де сол орамал Сәбира апамнан қалған тәбәріктей үйімде сақтаулы тұр. Ол – ұлылық пен шынайылықтың символы секілді.
–Менің байқағаным, хабарласқаннан өзіңіздің қазір тығыз жұмыс күніңіздің кестесін ағаң біледі. Сұқбаттасудың уақытын сол кісі қояды дегеніңізден-ақ Бақытбек ағай екеуіңіздің арманыңыз да, мақсатыңыз да бір арнада тоғысып, егіз ғұмырға айналғандарыңызды жазбай тануға болады. Сіздерге сыртыңыздан жұртшылық зор сүйіспеншілік, ерекше құрметпен қарайды. Мұның сыры неде?
– Бізді өнерге деген құштарлық, өмірге деген сүйіспеншілік табыстырды. Алматыда бірге оқыдық. Екеуміздің де ұстазымыз Алексей Иванович болды. Ол кісі аса мейірбан, шыншыл еді. Өмірде де, өнерде де бағыт-бағдар беріп отыратын. Бақытбекпен сахнада көп ұшырасатынбыз. Сөйтіп біздің шынайы достығымыз үлкен махаббатқа ұласты. Содан бері біргеміз. Қазір бір әулеттің ақылман анасы мен әкесі, атасы мен әжесіне айналып отырмыз. Өнер – отбасылы жан түгілі, жалғызбасты адам үшін оңай жол емес. Кездескен қиындықты ақылмен шешіп, бір-бірімізге деген құрметтің арқасында осындай абыройлы дәрежеге жеттік.
Біз екеуміздің бір сахнада ойнаған образдарымыз жетерлік. Мәселен, Лидия Егембердиеваның «Көресінді көрмей» пьесасында тағдыр тауқыметін тартқан қос ғашық – Өмірсерік пен Ақдидардың рөлін сомдап, көп қошеметіне ие болдық. 1954 жылдары тың игеру кезеңінде танысып, табысқан жастардың көрген азабы баяндалатын қойылымды көрермен өте жылы қабылдап, жоғары бағалады. Менің көбінде қайным болып ойнаған рөлдері өте ойнақы, көрерменді еріксіз күлкіге жетелейді. Өмірдегі, өнердегі қорғаным, әрі серігім Бақытбек екеуміз қол ұстасып Сыр өнерінің алып кемесінде қатар жүзіп келеміз. Шаттыққа толы шаңырақта өсіп келе жатқан 2 бала, алты немере, 1 шөпшек біздің шуақты күніміздің жарасымды жалғасы деп білеміз. Біздің өнерімізді бағалаған халықтың құрмет-қошеметіне дән ризамыз. Ғұлама жазушы Ғабит Мүсірепов «Театр – тірі тарих» деген екен. Тарих өлмес мұра. Ендеше, ұлт өнерінің де өміршеңдігіне сенемін.
–Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА
Кейіпкеріміз жайлы деректер:
Кәмила Әбжанова 1949 жылы, 25 шілдеде Қазалы ауданы, Майлыбас ауылында дүниеге келген. 1972 жылы Алматыдағы М. Әуезов атындағы академиялық драма театрының студиясын, 1996 жылы Алматыдағы Т. Жүргенов атындағы театр және кино институтының кино және драма актері факультетін бітірген. 1972 жылдан Қызылорда облыстық Н. Бекежанов атындағы қазақ драма театрында әртіс болып жұмыс істейді. Ол «Еңбек ардагері» медалімен, Білім, мәдениет және денсаулық сақтау министрлігінің, Қазақстан ЛКСМ орталық комитетінің, облыстық мәдениет басқармасының Құрмет грамотасымен марапатталған. 2000 жылы «Қызылорда облысының құрметті азаматы» атанды. «Қазақстан республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл, Қызылорда қаласының – 190, Қызылорда облысының – 70 жылдық мерекелік медалінің иесі. Қазақстан республикасының «Мәдениет қайраткері», «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағын алған. Салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлері кәсіподағының «Еңбек даңқы» төсбелгісінің иегері.